ЖЕДЕЛ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Қарасу ауданына барды. Сапар барысында ол Зеленов және Қарасу ауылдарындағы өзендерде жүргізілген жарылыс жұмыстарын бақылады. Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Балжақаев облыс әкіміне су тасқыны алдындағы кезеңде өткізілген іс-шаралар туралы баяндады.
– Қарасу ауданының аумағында барлығы 228 үйге су тиді. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері елді мекендерге шығып, су тасқыны туралы алдын ала хабарлама тапсырды. Су тасқыны кезіндегі іс-қимылдарға үйрету бойынша тұрғындармен жиындар өткізілді. Бүгінге дейін 327 адам қамтылды. Құндызды, Тінтуір және Қарасу өзендеріндегі мұздың қалыңдығы мен қар жамылғысының биіктігі өлшенді. Жалпы, 182 су өткізу бекетіндегі тазалау жұмыстары уақытылы жүргізілді, – деді Ерлан Балжақаев.
Көктем түсе 3927 м3 қар шығарылған, су тасқынына дайындық барысын анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар шеңберінде 10 елді мекен тексерілді. 2019 жылғы 31 наурыздан бастап, Қарасу ауданының ТЖБ ғимаратының базасында төтенше жағдайларды жою бойынша жедел штаб құрылды.
Бүгінде Қарасу ауданының аумағында 12 гидробекет жұмысы ұйымдастырылды. Олардың әрқайсысына ауылдық округтердің әкімдері бекітілді.
– Ауданда 180 тонна инертті материал қоры және 5000 құм толтырылған қап жиналды. 12 тонна көлемінде жанармай қоры болса, оның ішінде бензин – 5 тонна, дизель отыны – 7 тонна. 3 күнге жететін азық-түлік өнімдеріне, сондай-ақ, бірінші кезекті қажеттілік дәрі-дәрмектеріне 6 меморандум жасалды. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге аудан әкімдігінің қорынан 2 386 000 теңге бөлінді, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Архимед Бегежанұлы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығына және Қарасу ауданының әкіміне су тасқыны жағдайын бақылауда ұстауды тапсырды.