Қайны мен жеңге айтысы

"Құтты мекен – Қостанай" республикалық жазба айтысының келесі жұбы – астаналық Сәнді Ақылай мен қостанайлық Аслан Қанғожин. Қос ақынның да өлең өнерінде тәжірибесі мол. Қайны мен жеңгенің сөз қағысына кезек ұсынбастан бұрын, өнерпаздар туралы қысқаша мәлімет бере кеткіміз келеді.Без имени-1
Сәнді Ақылай 1972 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы Қарой ауылында туған. Ақын, аудармашы, ұстаз, сазгер. Қазақстан авторлар қоғамының, Әлем халықтары жазушылары одағының, Халықаралық жазушылар одағының, Ұстаздар қауымдастығының мүшесі. Мәскеудегі "Ару дүние" клубының Қазақстандағы үйлестірушісі. "Бейбітшілік әлемі" қоғамдық қорының Ақмола облысы бойынша директоры. Төлеген Айбергенов атындағы медальдің иегері. Үш кітаптың, бірнеше әннің авторы. Жеті баланың анасы. Елбасы ұсынған "Алтын алқа" және "Күміс алқа" төсбелгілерінің иегері.
Ал Аслан Қанғожин 1985 жылы Жангелдин ауданының Сужарған ауылында туған. Ақын, журналист. Көптеген облыстық, аймақтық мүшайра мен айтыстың, журналистер байқауының жеңімпазы. Өлеңдері бірнеше жыр жинағына енген. Биыл Қостанай облысының Меценаттар клубы тағайындаған "Шабыт" сыйлығының лауреаты атанды. 
 
АСЛАН:
Ақындарға назарын сап отырған,
Ассалаумағалейкум, ал, оқырман.
Өлең-жырдың алдында ақын деген
Нәрестедей тап-таза, жаңа туған.
Күрең жорғам – күліктей бәйгені алар,
Жал-құйрығы сүзіліп, жаратылған.
Әділдігін шонжарың кем айтады,
Айырмасы тек осы қара құлдан.
Ақын айтса, ел қамын жеп айтады,
Сондықтан да оны жұрт дана қылған.
Елдік пенен ерлікті жырлап өткен,
Омар ақын орны ерек дара тұлғам.
Наушабайдың Нұржаны шырқағанда
Халық ұйып тыңдаған, дала тұнған.
Нұрхан ақын – өлеңнің асқақ шыңы,
Әрбір сөзі алтынмен жалатылған.
Осындай ұлыларды тудырған ел
Асылдай жыр күтеді әр ақыннан.
 
Еңбегін қалың жұрты анық көрген,
Сондықтан, Бәйтерек деп дәріптелген.
Биіктік Би-ағаңа жарасады,
Сара жол әдебиетке салып келген.
Халқының намысына қайрақ болып,
Шолпандай санасына жарық берген.
Бір аудан атын беріп былтыр ғана
Тұлғасын асқақтаттық алып көрген.
Атына берілген ең әділ баға –
Тарихқа жазсақ алтын әріптермен.
 
Қылыпты жиырма ақыннан жеңгемді жұп.
Біреуге біреулерді жеңген қызық.
Ал маған жеңешемді «тергеу» қызық,
«Тергеуде» терлегенін көрген қызық.
Жалғапты Жетісу мен Сарыарқаны,
Екі ел де құдандалы, көргенді жұрт.
Ағама қандай тілек айттың екен,
Жүректен сезім гүлін бергенде үзіп.
Балқаштық батырыңды сағынғанда
Жеттің бе Жетісудан желмен жүзіп?
 
Айтыста болмасақ та қатарыңыз,
Әзілден болсын дейміз татарыңыз.
Сабақ береді екенсіз әдебиеттен,
Уәжге дайын шығар мақалыңыз.
Үш кітабын шығарған ақын жеңгем,
Айтыста сәтті болсын сапарыңыз.
Аудармашы деп жатыр тағы сізді,
Бұл істі де биікке апарыңыз.
"Сазгерлік өнерім де бар" дедіңіз,
Ал онда әзір ме екен мақамыңыз?
Апыр-ай, қайсыбірін тауысайын,
Жеңеше, көп екен ғой атағыңыз.
Нұр-Сұлтанның тұрғыны – бұл да атақ қой,
Шаһарға сай келсе егер шапаныңыз.
Қалада жеті бала тапқан ана,
Меніңше, нағыз ерлік жасадыңыз.
Енді осы ерлігіңіз ескеріліп,
"Құрметті астаналық" атаныңыз.
 
СӘНДІ:
Омар Шипин ақынның алғысы қонған Қостанай!
Бейімбет жазған "Шұғаның белгісі" қалған Қостанай!
Талай дихан ерлердің шалғысы қалған Қостанай!
Асыландай ақын ұл қалғысы келген Қостанай!
Елден елің кем бе еді?
Жерден жерің кем бе еді?
Сәнді жеңгең сәлемін салғысы келген Қостанай!
Облысын Торғайдың қосып алған Қостанай!
Бақ-ырысын талайдың ашып алған Қостанай!
Ақ бидайың талайдың асы болған Қостанай!
Асыланым, іске сәт, айтып-айтып тастағай,
Жауабыңды берейін, сұрағыңды жасқамай.
Елің сенің Қостанай, іркіліп кезек тоспағай.
Кері кетпес бақ қонсын
Үзіліссіз басқа ұдай.
Қадамдарың оң болсын,
Ойларым жоқ басқадай.
"Жеңгем қалай?" демегін,
Сәлем сөзден бастамай?!
Еркелесең өзің біл, 
Ізетіңнен аспағай!
 
Омар Шипин, Бейімбет,
Ахметтерің – арыстар.
"Қазағым!" деп уайым жеп,
Болжаған жайын алыстан.
"Алашым!" деп ұран сап,
Дұшпанымен алысқан
"Оян, қазақ! Ұмтыл, жас!"
Деп өткен қайран данышпан.
Асқақ рухы жаралған
Арды аттамас намыстан!
 
Жастар жылың жасасын,
Ашық болсын ертеңің.
Қанаттарың талмасын,
Желбіресін желкенің!
Жақынымсың сен де бір қайным болып жарасқан,
Түлегісің Бейімбет, Ахмет туған өлкенің.
 
Жылы жердің қызымын,
Жылылықты сағынған!
Ұлы жүздің қызымын 
Ұлылыққа табынған.
"Қырықмылтық" атсаң да, қырық шақты жаным бар,
Жібі түзу дос болсаң, жарылайын ағымнан.
 
Қорғайыншы намысын Астананың,
Нұр-Сұлтан деп ал енді бас, қадамым.
"Жаулап алу жолында" Елорданы
Жетеу таптым… болмады басқа амалым.
 
Елордамның екі алқа атағаны,
Әлеуметтің көп екен шатағы әлі.
21 мың шартына ілікпеймін,
Айтыстан тапсам болды нәпақаны.
 
Отбасым, жеті шырақ, жұлдызым бар,
"Қостанай таңым",  түнім, күндізім бар.
Намысына бел буған Елорданың
Мен сияқты комплект бір қызы бар.
 
Оның рас, келген елім – Тобықты.
Тобықты ағаң маған келіп жолықты.
"Асық мүжіп қалам ба?" деп қауіптен
Тастамайын деп ойладым Тобықты.
Жалайырдың қызын алып әз ағаң,
Арғындардың Тобықтысы молықты.
Ұлы Абайды бағаладым әуелден,
Ұлы өлеңнің киесі екен соны ұқтым!
 
Тығылып берен мылтық атқандай-ақ,
Саған да жасырайын қақпан таяп.
Жеті баламды жырлапсың, жүгермегім,
Жерден жеті қоянды тапқандай-ақ.

Қазақты көбейткенім былай мақтап,
Қазақты тұрсын ләйім Құдай жақтап.
Бала санын сен неге көбейтпейсің
Жерімді жүрген кезде қытай қаптап?
 
Мұндай тірлік болмайды
Қостанайда жатқан жай.
Ақ келінге сәлем айт,
Туа берсін тоқталмай.
Бір кездері мақтайық,
Өзің жайлы жақ талмай.
Ұлдарың тусын келісті
Шоң мұрынды, шот маңдай.
Қыздарың тусын көрікті
Айдан алқа таққандай.
Асылан ақын ақтолғай,
Тілегің шам жаққандай.
Жеті баламды айтасың,
Жеті қоянды тапқандай.
Жер бетінен табасың 
Одан  асқан бақ қандай?!
Санын көбейт қазақтың
Фабрика ашып жатқандай. 
Сылтау тауып кеп тұрма,
Бостан-босқа ақталмай,
Жүгермегім, іс болсын,
Вацабыңда қап қалмай!
Ал, сәттілік тілеймін,
Қырықмылтықты ақтарғай!
 
АСЛАН:
Бөгденің кім қаласын кіріккенін,
Өткенін дей алмаспын ұмытты елім.
"Жерімде қытай қаптап кетті" дейсің,
Келгеннің бәрін санап жүріп пе едің?
Оларды жарты әлемнен таба аласың,
Жеңеше, жау шақырып, үрікпегін.
"Торғайды қосып алған Қостанай" деп,
Қайныңа жақпай қалды іліккенің.
Тобыл мен Торғайымды егіз дер ең,
Қаласаң қазағымның біріккенін.
Қырық жанын білеміз әйелдердің,
Жоқ еді бірақ менің қырық қолым.
Руды емес, рухты айтатын кезіңіз ғой,
Қызықтан бұзық іздеп бүлікпегін.
Ал енді сәлеміңді жеткізгенде,
«Солай-ақ болсын» деді күліп келін.
Он құрсақ көтеріпті марқұм анам,
Дұрыс-ақ айтып жатқан үгіттеуің.
Ақжарма тілегіңе мың рахмет,
Пернемді басқандайсың біліп менің.
Құдайдың бергенінен қашпаймыз ғой,
Өзім де көп баладан үмітті едім.
Құланның қасынуы, айтқандайын,
Сай кеп тұр басуына шүріппенің.
Бұйырса, биыл жазда бесік тойы,
Иіскеймін екіншімнің тұнық демін.
 
Ғалымнан хат, ақыннан сөз қалады,
Әр ақынның болады өз бағамы.
Жігітті отыздағы жүгермек деп,
Көргендей болып тұрсыз бозбаланы.
«Жүйрігім», «жампозым» деп жіберсеңіз,
Қайныңа майдай болып сол жағады.
Айтыстан табам дейсіз нәпақаны,
Апыр-ай, табылыпты лезде амалы.
21 мың ала алмай қаламын деп
Жеңгемнің қызық болды-ау боздағаны.
Деген бар ғой: «Баланың жылайтұғын
Үш күн бұрын қышиды көз жанары».
 
«Ай көркі биіктетер аласаны»,
Жеңгеміз – гүл секілді дала сәні.
Тілерім – талантыңыз бағалансын,
Күн кешіп, бақуатты, тамашалы.
Көтердің атақты да, баланы да,
"Ерекшесің" десем кім таласады?
Мен сізді Наржеңге деп атайыншы,
Осы атақ  сізге әбден жарасады.
 
Орманы, өзен-көлі, құтты алабы,
Көрген жан көзі тоймай, сұқтанады.
Ып-ыстық құшағына басқан қала,
Күнбе-күн мені ғашық қып барады.
Жақсы істер – жанға медет, көңілге нәр,
Қуаныштан жанарым шықтанады.
Жабылып жетімдердің үйі былтыр,
Көпшіліктің көңілді шыққан әні.
Қоғам болып ізгілік дәнін сеуіп,
Бір-біріне дауылда ық болады
Қостанайым – мекені мейірімнің,
Мейірім болған жерде құт болады.
 
СӘНДІ:
Бөгденің қаламасаң кіріккенін,
Шекарада күзетте жүріп пе едің?
Жеңгеңді жерден алып, жерге салдың,
Шырағым-ай шамданып жілікпегін.
 
Қайным-ау, ақиқаттан кете алмайсың,
Өз қолыңды өзің боп кесе алмайсың.
Алтай мен Атырауда толған қытай,
Олардың санына да жете алмайсың.
 
Мұнайыңның бастығы қытай болды,
Көргенің қытайлардан құқай болды.
Соларға құл болып жүр біздің қазақ,
Сенікі жәй әншейін ұпай болды.
 
Жеңгеңмен, қайын шырақ, босқа егеспе,
Еліктеп біз қайтеміз басқа көшке.
Жеріңде қытай қаптап кеткенінше
Торғай толып жүргені жақсы емес пе?
 
Наржеңгең нарқын білер қайындардың,
21-ді қайта айтып уайымдадың.
Мәселе ақшада емес, заманда тұр,
21-ғасырды пайымдадым.

21 мың жайында қозғамағын,
Оған да жеткіземін өз хабарын.
Тірлік пен бірлік болса, қалаймын ғой
21-ғасырдың тозбағанын.
 
Наржеңге деп атадың, атты ай қылып,
Сөзбен қауып алмақшы мақтай жүріп.
Қырық қолды қиялдап не қыласың,
Екі қолға бір күрек таппай жүріп?
 
Торғайды қосып алса Қостанайың,
Сен ол жайлы көтерме босқа уайым.
Қосылудан асатын бақыт бар ма?!
Жеңгеңнің түсінбепсің астар ойын.
 
Қостанай, ат үркеді атағыңнан,
Болсаң да қорықпаймын ата қыран.
Торғайдан ақын Сырбай, Ғафу шыққан
Ахмет, Міржақыптың шапанынан.
Енші беріп, еншіңді қайтып алдың,
Сөйтіп, Торғай қап қойды қатарынан.
Қостанай – қалың орыс,Торғай – қазақ,
Сужорға, жаңылмаған мақамынан.
Егер Торғай болмаса, Қостанайың
Шүлдірлеп жаңылды ғой мақалынан.
Қыс бойы табан майын жалап шыққан
Аюдай жаңа тұрдың апаныңнан.
 
"Қостанай, Қостанай" деп ұрандайсың,
Жеңгеңнің назын неге ұға алмайсың?
Келінді мазалай бер, көбейе бер,
Көп болмай көктеп мәңгі тұра алмайсың.
Тақырыбың Бейімбет, Омар еді,
Оларды неге ойыңа бір алмайсың?
 
Жүгермегім, мен саған "зыт, әй" демен.
Қанша сұрақ қойсаң да бұтай берем.
Тілегім – ұлан-ғайыр қазақ жері
Қосылмаса болғаны Қытайменен.
 
Қостанай мен Торғайдың арасында
Кезіп жүрсің.. жоқ еді таласым да.
Екі ортада жүгіріп жүре берсең,
Соған да "жүгермек" боп қаласың ба?
 
Асылдың аса туған сабағысың,
Қырық жылқы ішінде бағалысың.
Қазақта адам басын санамайды
Әу бастан айтқан сөзден танамысың.
Сол үшін "жүгермек" деп налығанмын,
Бәлені тағы маған жабамысың.
Жөн-жоралғы білмейтін ақын қайным,
Бұртиып, тағы өкпелеп қаламысың.
Қағаздан эмблема жасап берсем,
"Жампоз" сөзін кеудеңе тағамысың?
 
Қарға тамыр қазақтың  көші дара,
Санын көбейт ұрпақтың, өсір жаңа.
Отыздағы жасыңды жасырмапсың,
Отызда таптырмақсың екі-ақ бала.
Бұлайша қазақ қалай көбейеді,
Тірлігің жасап жүрген неткен шала?
 
Қайнымды нартайлаққа теңесем бе?!
"Наржеңге!" деп ат қойдың жеңешеңе.
Кешегі Бейімбеттің жазып кеткен
"Раушан комунисті" демесең де.
 
Жүргейсің жеңгеңізді тосып тойда,
Қуанышты сәт келер, асықпа айға.
Жеңгеңнің орындалсын бір тілегі,
Дәм бұйырса, барармын бесік тойға!
Қостанай "қостан" басталған,
"Қос" деген сөзде – астар мән.
Құтты болсын  қосылу,
Өз үлесін қосқан жан. 

Кенесарыны жырлаған Омар атаң қолдасын!
Кенесарыға дат айтқан Ақанай* атам қолдасын!
Абай бабаң айтқандай,
Ақылың мен қайратың 
Болсын сенің жолдасың!
 
Күнде-күнде "қонақта жүр едім" деп,
Ұстатпайсың, жүгірмек, зытып қолға. 
Аман жүр, одан басқа тілегім жоқ,
Ал  енді  кезегіңді күтіп қалма.
 
Ақанай* ақын "Бұта түбі бір асым ет!"деп баға берген Қарой жеріндегі Кенесарының соңғы жорығындағы өлеңмен дат айтқан деседі. Ақанай біздің Жалайыр тайпасының Жиенқұл руынан шыққан ақын екен. Мен сол рудан шыққан қызбын.
 
АСЛАН:
Жасалды жеңгесінің тағы амалы,
Қайнысы оны өзінше саралады.
«Жерден ап, жерге салдың» дейді маған,
Бар екен тағы қандай жалалары?
Қытайлық мигранттар келіп жатса,
Жайлауда жүр ме екен жағалары?
Көрер ем Қостанайдан бір қытайлық,
Шынымен қаптап кетсе бар адамы.
Үрейге шақырудың қажеті жоқ,
Шүршіттің сол болып тұр қалағаны.
Кентавр көрдік деген гректердей,
Аңызға айналмасын арадағы.
Оп-оңай үрейлі елді жаулап алу,
Сақталсын бірлігіміз бағаналы.
Жағдайы сол жақтағы қандастардың,
Сан сұрақ жауабы жоқ санадағы.
Кімдер дұрыс, ал кімдер бұрыс айтты,
Басылмай тұр дау-дамай аламаны.
Тілерім – қай бұрышта жүрсе дағы,
Қазақтың аман болсын балалары.
 
Ұқпай тұрмын «жілікпе» дегеніңді,
Желбіретпе дейсің бе желегіңді?
Санауды қаламайсыз адам басын,
Түсіндім тілегіңді, не деріңді.
Осылай ЦОН-ға барып айтып тұрсаң,
Ала алмай қаласың ғой көмегіңді.
 
Жыр шарпып, өртегенде өзекті өлең,
Өрекпіп өр көңілім, өжеттенем.
Дедіңіз тақырыпты түк айтпады,
Айтқанмын оны екі кезекте мен.
Басында тұлғаларды жырға қоссам,
Одан соң құтты өлкемді сөз еткен ем.
Шүкір, тәуба, жұмысым – ырысым бар,
Демеп едім мен сізге тезек терем.
"Екі қолға бір күрек таппай жүр" деп,
Салыстырып қойдыңыз бозөкпемен.
Кешегі Би-ағаңдар жүрген жолмен,
Еңбек етіп келемін газетте мен.
 
Баспасөз қазағымның бағы болған,
Құлағы, тіл һәм көзі, жаны болған.
Ұлтымыздың ұраны, ары болған,
Әні, зары – қысқасы, бәрі болған.
Тудырған баспасөзге сондай дәуір,
Жөн шығар тұлғаларды танып алған.
Арыстар кешегі өткен ұлтым деген
Қазақтың бары менен нары болған.
Бұл жерді орысша деп менсінбейсің,
Алайда талай мықты тамыр алған.
«Ауыл» деген атаумен шыққан газет,
Кейіннен ол «Қостанай таңы» болған.
Сералин, Майлин сынды ұлылардың,
Қастерлі қолдарының табы қалған.
Кеңестік саясаттың ықпалы ғой,
Орыстар қаумаласа қалың орман.
Бұл өлкені аюға теңемес ед(і),
Тағылымды тарихын таныған жан.
Аю деген – Ресейдің екінші аты,
Жеңеше-ау, бұдан асып, әрі барман.
Сен болсам, теңер едім қазынаға
Даланы сары бидай сәні болған.
Деріпсәлі, Маңдайдай батырларым,
Ел үшін атқа қонып, қару алған.
Тәтіқара жырау да мұнда туған,
Әр жырынан тәлімді табылар мән.
Ізбасты, Балғожа мен Жазы билер,
Алдаспан – ар-намысқа жанып алған.
Омардың отты жыры, дастандары
Емдеген елдің рухын дәрі болған.
Қазақтың Шоқаны мен Ыбырайы,
Екеуіне ілімнің бағы қонған.
Қостанай – қазағымның қазынасы,
Ешкім де айыра алмас қазынамнан.
 
Айтысты аяқтауға қамданамын,
Таусылмас туған жерге арнағаным.
Қайнысын "шала" дейді, "бала" дейді,
"Жеңгем" деп тіл тістеймін, бар ма амалым.
Айтыста анау-мынау дегенменен,
Қалаймын қылдай қаяу қалмағанын.
Жеңеше, Жамбылдайын жүз жасаңыз,
Аспанда шарықтасын арман-әнің.
Көруге жазсын деймін Жаратқаным,
Қызығын өзің тапқан әр баланың.
 
СӘНДІ:
Істері қайнымыздың шала-шарпы,
Қойды ғой жеңгесіне жаланы артып.
Қытайлық мигранттың жағасынан 
Қазақтың балшық кешкен балағы артық.
Асылан арғымағым алқынады,
Көмбеге жетсем-ау деп талпынады.
Қытай тұрмақ кәріс жүр Жезқазғанда,
Қазақтың кені өзінде балқымады.
Жеріңде неміс те жүр, үндіс те жүр,
Көмір қазған қазақтар шалқымады.
Қостанайды бөліп ап мақтанасың,
Сөзіңнің сорпасынан бал тұнады.
Қостанай саған да ортақ маған да ортақ,
Бөлшектеп мақтанғаның жалпы ұнады.
Жауабымды қайтармай сарғайтасың,
Бала санын сапырып, санды айтасың.
Сасқан үйрек артымен сүңгігендей
Қайдағы қатысы жоқ ЦОН-ды айтасың.
Қайнымызда не деген асқан айла?
Қытайды жамандасам қостамайды, ә?
Шүршіт, қытай толып жүр елімізде,
Сен кіргізбей тұрмасаң Қостанайға.
Отырғанда сарғайып кезек тосып,
Өлеңге жіберіпсің тезек қосып.
Сары майдан қыл суырған ақын десем,
Қиды да қосқаныңа қалдым шошып.
Ащы сөз өртемесін өзегіңді,
Жіберіп алдың, қайным, кезегіңді.
Біздің жақта тезекті әйел терер,
Қостанайда ер терсе тезегіңді.
Шаруаң бар демесеңіз жұртта қандай,
Дәлелсіз жыр айтпадым ұқпағандай.
Екі қолға бір күрек таба алмаған
Қазақта құлдар аз ба құрттағандай.
Сөз мәнісін түсінбей даурығасың,
Орыстың самагонын ұрттағандай.
Үзеңгіңді тебініп шіренбегей,
Асау ат бой бере ме жүгендемей?
Елден шыққан ерлерін Қостанайдың
Сұрамасам кетер ең түгендемей.
Жетісумен мақтанам, Қабан жырау – атамыз.
Қатағанды қатырған Сүйінбайдың аты аңыз.
Қонаевтай ер туған менің туған өлкемнің
Той бастайтын біздің ел
Сұратылған батамыз.
 
Ақын болсаң Нұрхан бол!
Қонысбай бол қырағы!
Қостанайың құт болсын
Бақытыңның тұрағы.
"Есімі Торғай болғанмен,
Ежелден қыран мекені!"
деп жырлаған жасасын
Қонысбай ақын ұраны!
Жазба айтысың осы екен
Үйіңде отырып қайтатын.
Қасыңдағы келінге
Менен сәлем айта отыр.
Үлгі болсын өзіңе
Айбек пенен Айтақын
Тура сондай ақын бол
Орамды ойын айтатын!
Бәйтеректей тамыр жай
Тал-шыбығың көктесін!
Басыңдағы бағыңды
Тепкілесе кетпесін!
Ақ келінім күлімдеп,
Орамалын шешпесін.
Алдыңа досың жақын кеп,
"Асылан жампоз ақын" деп,
Шешіп өтсін кепкесін.
Бәйгедегі атыңның
Тақымы терден кеппесін.
Жылан да сені шақпасын.
Жылқы да сені теппесін.
Разы болсын ақ қайным,
Айта бермей өкпесін.
Ғұмыр беріп бір Аллам
Жеті мүшелмен шектесін.
Бір баруға бұйыртсын
Мәдина мен Меккесін!
 
Қостанайға барғанда
Бір үйім бол, ақ қайным.
Айтыс та бір ойын ғой,
Шах дегенге мат қойғын.
Қалай, қанша айтсам да
Қайнымызға жақпаймын.
Жамандасам қайнымды,
Сосын қалай ақтаймын?
Қанша жаман болсаң да,
Сенен артық таппаймын.
Кездескенше аман бол,
Менің алтын ақ қайным.
Қостанайға сәлем айт
Осыменен тоқтаймын!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓