Басымдық – әлеуметтік жауапкершілікте
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған жұмыс тобы Рудный қаласында аудан әкімдерімен, кәсіпорын басшыларымен, бизнес-құрылым және кәсіби одақ өкілдерімен кездесу өткізді. Онда нақты экономика, бизнес-құрылым секторларындағы әлеуметік әріптестік пен әлеуметтік жауапкершілік мәселелері қарастырылды.
– Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты байлық – адамның дамуы екенін атап өткен болатын. Басты басымдық – халықтың әл-ауқатының өсуі. Жұмысшылардың жалақысын көтеру шаралары қабылданып жатыр. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап ең аз еңбекақы 1,5 есе өсті. Бұдан өзге, Елбасы Бес әлеуметтік бастама аясында осы жылдан бастап табысы 25 АЕК-тен кем (60 125 теңге) 2 млн-нан астам жұмысшының салық жүктемесін азайтуды тапсырды,- деді Әбдіхалықова жұмыс берушілермен өткен жиында.
Іс-шара барысында «ЖАС ҚАНАТ–2006» ЖШС директоры Қ. Майышев көп балалы отбасыларға және халықтың аз қамтылған санаттарына жыл сайын үш жұмыс орнын беру бастамасымен сөз сөйледі және әріптестеріне қолдауға өтініш білдірді. Вице-премьер кәсіпорын және компания басшыларын аз қамтылған қазақстандықтардың әлеуметтік және тұрғын үй мәселерін шешуге нақты атсалысуға шақырды.
"Бақытты отбасы" жобасы аясында Қостанай облысында 2 мыңнан астамға көмек көрсетілді. Облыс меценаттарының араласуымен 22 баспана берілді. Мысалы, Таран ауданы әкімдігі мен "Варваринское" АҚ арасында меморандумға қол қойылған, олар мұқтаж отбасыларға қол ұшын созады. Бүгінгі күні ауданда 6 отбасыға үй берілді. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін көп балалы және жастарға 503 грант бөлінеді.
Осы күні жұмыс тобының мүшелері облыстың басқа аудандарына барды. Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Федоров ауданына, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова Әулиекөл ауданына, Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаршуашылығы істері бойынша комитет төрағасы М. Жайымбетов Алтынсарин ауданына, Nur Otan партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов Таран ауданына барды.
Олар денсаулық сақтау, білім беру және басқа да әлеуметтік мекемелерді аралады, онда ауыл тұрғындарымен, педагогтармен, денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесті. Сонымен бірге олар халықпен жеке қабылдау өткізіп, тиісті түсіндірулер жүргізді және өмірлік мәселелерді шешуге жәрдемдесті.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев