Білім министрі Әулиекөлде
Ол аудан орталығындағы бірқатар білім беру мекемесінде болды. Солардың бірі – ауыл шаруашылығы колледжі. Бұл жерде мейманға оқу корпусы, өндірістік зертхана, машиналық-тракторлық парк таныстырылды. Білім министрі оқытушылармен, студенттермен еңбек және оқу шарттары туралы әңгімелесті.
Мұнан соң министр Ш.Уәлиханов атындағы Әулиекөл орта мектебіне бас сұқты. Осы жерде робот жасау, ІТ-технология және заманауи медициналық кабинеттер мәртебелі қонақ назарына ұсынылды. Ізін ала Шәмшиднова аудан педагогтарымен кездесу өткізді. Ол жүргізіліп жатқан реформалар, білім жүйесіндегі жаңашылдықтар туралы сөз етіп, ауылдық мұғалімдер қойған өзекті сұрақтарға жауап берді.
Министр арнайы соққан мекемелердің бірі Б.Кенжетаев атындағы Новонежин орта мектебі болды. Оған жуырда жабдықталған ІТ-технология кабинеті көрсетілді. Одан кейін жергілікті басшылық бас ұстазды "Балдәурен" балабақшасына апарды. Мектепке дейінгі білім беру тәрбиеленушілері құрметті қонақты ән-күймен, өлең-тақпақтармен қарсы алды. Балдырғандарға лебізін айтқан министр жас новонежиндіктерге ойыншықтар мен тәтті тағамдар тарту етті.