«7-20-25»: 206 өтінім түсті
Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков баяндама жасап, атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Жалпы, Қостанай облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 206 өтінім түскен. Бұл мақсатта 1 млрд 407 млн теңге жұмсалу көзделіп отыр.
– Бүгінде 119 өтінім мақұлданды. Қалғандары екі деңгейлі банктер арқылы қаралып жатыр. Олар: «Банк Центркредит» АҚ, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Forte банк» АҚ, «Цесна банк» АҚ. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап «Сбербанк» АҚ да мемлекеттік бағдарламаны орындауға кірісті. Былтыр қараша айында екінші деңгейлі банктерге 352 бюджеттік пәтерлер тапсырылды. Оның 118-і «Байтерек Девелопмент» ұйымына тиесілі, – деді Нұрлан Қатарбеков.
2018 жылдың 9 айында 227,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әлеуметтік әлсіз топтарды жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге қарастырылған. Жалпы, тұрғын үй салуға көзделген 7,3 млрд теңге қаражат толығымен игерілді. Осы жылы «Әуежай» шағын ауданында 32,9 мың шаршы метр аумақта баспана салынады. «Юбилейный» шағын ауданында 67 гектар жерде құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда 1233 пәтерлік 11 үй қолданысқа беріледі. Үйлерді «БК-Строй» ЖШС салады.
Тұрғын үй құрылысы Қостанай ауданында да қызу жүріп жатыр. Мұнда «7-20-25» бағдарламасының 9 қатысушысына «Тобыл» кәсіпкерлерді қолдау қоры 15 жылға пайызсыз несие беріп отыр. Үйлер «Северный» шағын ауданында тұрғызылған.
– 2019 жылы 20 кредиттік үй пайдалануға беріледі. 2018 жылы толық іске асырылмаған тұрғын үй құрылысын ескере отырып, екінші деңгейдегі банктерге «7-20-25» бағдарламасы аясында 500-ге жуық пәтер беріледі, – деді басқарма басшысы.
Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне жасалтын жеңілдікті естен шығармауды тапсырды.
– Жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын сапалы іске асырыңыздар. Ең алдымен, дәрігерлерге, мұғалімдерге, ішкі істер органдары қызметкерлері мен әлеуметтік салалардағы жас мамандарға жергілікті бюджет есебінен субсидиялау жалғасады. Мемлекет бағдарлама арқылы тұрғын үй алам деушілермен тығыз байланыс жасаңыздар. Қажет болса, демалыс күні жеке қабылдау жүргізу қажет. Біз қаншама тұрғын үй салдық, бірақ оның игерілуі төмен. Бұл жұмысқа деген жауапкершіліктің аздығы. Осы жылы екінші деңгейлі банктермен бірігіп, 500 пәтер тапсырамыз. Аз көрсеткіш емес. Сондықтан, халыққа насихаттау жұмыстарын тоқтатпаңыздар. Керек десеңіздер, қосымша қаржы бөлуге дайынбыз, – деді Архимед Бегежанұлы.
Программалык оте жаксы )