Аутизмге шалдыққандар саны азаяр емес
2 сәуір – халықаралық аутизм дертіне шалдыққандарды қолдау күні. Осыған орай, бүгін қаламыздағы №1,2,3,4 емханалардың педиатрия бөлімшелерінде мүгедек балалардың ата-аналарының “Stop autism” және “Радуга” қоғамдық бірлестіктері облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық әкімдіктің қолдауымен бірқатар іс-шаралар өткізді. “Аутизм: танысайық” ақпараттық-түсіндіру акциясына осы сырқатпен ауыратын балалардың ата-аналары мен дәрігерлер жұмылдырылды.
Шара барысында қоғамдық бірлестіктің ата-аналары аутизм ауруына шалдыққан баланы қалай анықтауға болатындығын, онымен қалай жұмыс істеу керектігі туралы, қалай тәрбиелеу қажеттігі жайында жан-жақты ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, мамандар егер кез-келген ата-ана баласының бойынан аутизм дертінің бар жоғына күдіктенсе, міндетті түрде арнайы психолог, психиатр, логопед сияқты мамандарға көрсету керектігін ескертеді. Себебі, сырқат балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетілсе, оның ойлау және сөйлеу қабілетін әлдеқайда жақсартуға да мүмкіндіктің мол екендігін айтады.
-Аутизм – балалар ауруы. Адам психикасындағы ауытқулардың нәтижесінде бала өз-өзінен тұйықталып, сыртқы ортаға бейімделе алмай қалады. Тілі кеш шығып, ақыл-есінің кенже дамуы – аталмыш сыртқаттың белгілері. Сондықтан, осындай сырқат балалардың жаңа заманға сай коррекциялық көмек беретін арнайы мектептерге зәру екендігі де жасырын емес. Біздің Қостанай облысында да аутизммен бүгінде жүз елуден астам бала есепте тұр. Ал, мұның сыртында есепке алынбағандары да болуы мүмкін. Өйткені, көп жағдайда мұндай сырқаты бар балалары бар болса, ата-аналары оларды қоғамнан бөлектеп, көрсетпеуге тырысады. Бұл дұрыс емес, ауруға шалдыққан баланың еш кінәсі жоқ қой, бәрі Алланың ісі екендігіне көндігу керек. Әрі мұндай сырқат бала кез келген сау отбасында да өмірге келуі мүмкін, сондықтан ондай бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға түсіністікпен де қараған жөн, – дейді “Stop autism” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шынар Жалмұхамедова.
Айта кетер жәйт, 7 сәуір күні сағат 15.00-18.00 аралығында “Астықжан” және “Қостанай Плаза” сауда орталықтарының алдында “Шексіз әлем!” атты қайырымдылық автомарафоны өтеді. Марафонға аутизм диагнозы бар мүгедек балалардың ата-аналары мен автоәуесқойлар (алдын ала тіркеу бойынша) қатысады. Шараның мақсаты – аутизм туралы ақпараттарды тарату, аутизмі бар балалар проблемасына жұртшылықты тарту және аутизмі бар балалармен сабақ өткізу үшін қажетті сенсорлық жабдықтар сатып алуға арналған қайырымдылық қаражат жинау.