Қарасулықтар Нұр-Сұлтанды қолдайды
Бүгін Қарасу ауданында Елордаға Нұр-Сұлтан атауының берілу оқиғасына орай іс-шара өтті. Бұл бастаманы қолдауға жергілікті жұрт, мектеп оқушылары, белсенді жастар жиналды.
23 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп деп өзгерту туралы қаулыға қол қойған еді. Бұл шешімді елдің түкпір-түкпірінен қолдаушылар пікір-лебіздерін жаудырды. Атаулы оқиғаға бүгін қарасулықтар да үн қосып отыр. Аудан тұрғындарының басын қосқан іс-шарада жергілікті мәслихат депутаттары, "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалы өкілдері, мекеме-ұйым басшылары сөз сөйлеп, бұл бастаманың мән-маңызын түсіндірді.
"Жаңа Президенттің астана атауын өзгерту туралы шешімі уақытылы әрі дұрыс деп есептеймін. Бұл – елдің саяси дамуына бастаған қадамдардың бастамасы. Бас қаланың Нұр-Сұлтан аталуы – Ұлт көшбасшысына деген, оның келешекті кемелдікке жетелеген еңбегіне деген құрмет!" – деді аудандық мәслихат депутаты М.А. Носаченко."Өз еңбек жолында Тұңғыш Президентіміз барша қазақстандық үшін тек Конституцияның кепілі ғана емес, нағыз Елбасы, Тәуелсіздігіміздің негізін салушы және Қазақстанның бүгінгі және болашақ табысының символына айналды. Назарбаев КСРО ыдыраған тұста еліміздің алдында тұрған айрықша мүмкіндікті қалт жібермей, қазақстан халқының ғасырлар бойы аңсаған арманын шынайы түрде іске асырды, – деп тебіренді "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.К. Мұқанов. – Елдіктің символы болған Астананың әр жетістігінде, бой көтерген әр ғимаратында Тұңғыш Елбасымыздың қолының табы бар, маңдай тері бар. Халыққа бейбіт өмір сыйлаған, көз тартарлық Астана салған, кезең-кезеңімен келелі шешім қабылдап, бейбіт күннің шуағына бөлей білген көшбасшы құрметіне Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертуді өз басым орынды деп білемін".Ал Қарасу орта мектебінің директоры Ғ.А. Қаби өз баяндамасында Елбасының халқымыздың алдында жасаған еңбегінің зор екендігі сонша, оның есімін ұлықтаудың парызымыз екенін айтудан бастады.
"Бұл – әділетті шешімнің ең жоғарғы деңгейі, – деді ол. – Тарихи тұлғамыз тек Ата Заңымыздың кепілі және мемлекет басшысы ғана болып қойған жоқ, ол нағыз Ұлт көшбасшысы, Тәуелсіздік төркіні, Қазақстанның жеміс-жетістігінің нышанына айналды! Тек Н.Ә. Назарбаев қана біздің халқымыздың сан ғасырғы арманын шындыққа айналдыра алды".
Лауазымды тұлғалардың мінбердегі жалынды сөздерін қалың қауым да қоғадай жапырылып қолдады. Рухты кешті әуелеген сазды әндер әсемдей түсті.