Шаршы алаңда – кіл мықты
Ертең Қостанайда кикбоксингтен КСРО спорт шебері Мұрат Бекежанов пен бокстан КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы «Сұлтан» спорт клубының негізін қалаушы Асылхан Бұсырмановты еске алуға арналған ел біріншілігі жалауын көтереді. Бұл дәстүрлі турнир осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы бәсекенің ерекшелігі қандай?
Бұл туралы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында «Сұлтан» спорт клубының директоры Дамир Қалқаев пен турнир қонақтары, Қазақстан құрама командасының бас бапкері Қайрат Смағұлов, құраманың аға жаттықтырушысы Сансызбай Ыбыраевтар айтып берді.
-Жарыс бұған дейін турнир деңгейінде өтіп келсе, биыл біржола ел чемпионатын ұйымдастырып жіберейік деп шештік. Біріншілікке еліміздің барлық өңірінен он екі команда, 350-дей былғары қолғап шебері қатысады. Биылғы чемпионаттың тағы бір ерекшелігі – жарыс тек фул-контакт нұсқасы бойынша ғана өтеді. Осы чемпионатта кілең мықтыны анықтаймыз. Олар ел құрамасы сапында жаздың күні Босния және Герцоговинада өтетін Әлем біріншілігіне жолдама алады. Одан кейін Анталияда фул-контакт жүйесі бойынша тағы әлемдік дода күтіп тұр, – дейді «Сұлтан» спорт клубының директоры Дамир Қалқаев.
Айта кетуіміз керек, ел біріншілігі үш күнге созылады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен кілең мықты спортшылар қатысады.
-Негізі, Қостанай кикбоксингі жылдан-жылға қарыштап дамып келеді. Кезінде бұл жақтан Азамат Наурызбаев, Нұрлан Елемісов, Василий Левит, Сергей Богдан тәрізді мықты былғары қолғап шеберлері шыққан. Бүгінде олардың ізін басып келе жатқан спортшылар аз емес, – дейді Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Смағұлов. – Мұндай мықты спортшылар еліміздің өзге өңірлерінде де бар. Құдай қаласа, кикбоксинг 2020 жылдан бастап олимпиада бағдарламасына енгізілді. Сондықтан, біздің спортшылар олимп шыңын бағындыратын күн алыс емес. Мына өткізіліп жатқан біріншіліктер сол халықаралық дода алдындағы дайындық іспетті.
Әлібек ЫБЫРАЙ