Жолақыны өсіруді сұрайды
Қостанай қаласында Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің көлік мәселелері жөніндегі комитетінің отырысы өтті. Жиында жолақы тарифін көтеруді сұраған жолаушы тасымалдаушылардың өтінімі қаралды.
«Бұл – өте маңызды маңызды мәселе. Өйткені, біріншіден. мұнда халықтың түрлі топтарының мүддесі бар. Екіншіден, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестікте болатын бизнестің қорғалуына да жауаптымыз. Жолаушыларды автобуспен тасымалдау саласы мәселелерін бұған дейін де талай пысықтадық. Сондықтан, мәселе бізге таңсық емес, бұл – шешілетін проблема», – дейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің көлік мәселелері жөніндегі комитетінің директоры Данияр Күзенбаев.
Кеңес барысында тасымалдаушылардың мүддесін Қостанай облысы жолаушылар көлігі кәсіпорындар қауымдастығының президенті Алексей Бойченко, «Брунер А.В» ЖК өкілі Александр Волкун, «Жарық-жол» ЖШС атынан Виктор Мущинский қорғады.
«Қазіргі кезде дизель отыны 30 пайызға қымбаттаған. Бюджеттік қаражат есебінен субсидиялау ережелерінде тасымалдаушылардың нақты шығындарының оларға тәуелді емес баға факторларының 10 пайыздан астам өзгеруі жағдайында жолаушылар жолақысының құны түзетілетіні жазылған», – деп атап өтті В.Мущинский.
Осы арада, бүкіл қалалық автопарк кезінде бағасы ең арзан болған дизель отынмен жұмыс істейді. Тасымалдаушылар бүгінде бөлінген субсидиялардың толып жатқан шығындарды өтеуге жетпейтініне қапалы. Субсидия тек жүргізушілердің биыл көтерілген жалақысын өтеуге ғана жетіп отыр. Дизель бағасының көтерілуі бизнесті тек шығынға батырып жатыр. Осыған байланысты төрт жыл бойы өзгеріссіз қалып отырған жолақы құнын арттыру мәселесін қарастыру қажеттілігі туындады дейді талапшы тарап. Тасымалдаушылар автобус парктері жаңартылмай тұрғанын, жүргізушілердің жалақысының әлі де төмен екенін алға тартты
Бұл – тасымалдаушылар тап болған проблемалардың бір бөлігі ғана. Пандемия кезінде парк жұмысын жарты жылға тоқтатуға мәжбүр болған.
Алдағы уақытта тарифтік комиссияның отырысы өткізіліп, бұл мәселелердің барлығы жан-жақты қарастырылады.