Қызық пен шыжыққа толы «Бастаңғы»
Ұлыстың ұлы күні дүниеге келген Наурызбек көпке дейін үйленбей, әке-шеше, аға-жеңгесін, дос-жаранын зарықтырып қойған көп сүр бойдақтың бірі. Өңінде де, түсінде де «үйлен», «үйлен» деген сөзден әбден жауыр болып бітті. Әрине, бас құрамай жүруіне – жұмысбастылығы себеп.
Дегенмен дәл Наурызбектің туған күнінде – Ұлыстың ұлы мейрамы қарсаңында ата-анасы кенже ұлына көршілес ауылда тұратын Жағалбайдың еркекшора қызын айттыруға кетеді. Бірақ аты қыз, заты – аяқ-қолы ербиген, ұсқынсыз қалыңдықты елестетудің өзі қорқыныш. Оның үстіне, дәл сол еркекшора Наурызбектің көз алдынан да, түсінен де көлбеңдеп кетпей қойсашы!
«Құланның қасуына – мылтықтың басуы», ата-енесінің қыз айттыруға кеткен сәтін ұтымды пайдаланған жеңгесі Наурызбектің құрметіне «бастаңғы» ұйымдастыруға бел буады. Бойдақ жігіттің жанынан досы Азамат табыла кетіп, ол да құрдасына қалыңдық іздеуге кірісіп кеткен. Және Наурызбектің үйіндегі кешкілік сауыққа үш бірдей бойжеткенді іздеп тауып ертіп әкеліп, болашақ отағасы мен оның досы және жеңгесі қыздарды түрлі сынақтардан өткізеді. Үш бұрымдының бірі – мұғалім, екіншісі – жекпе-жек спортымен шұғылданады, ал үшіншісі сыбай-сылтаңға әуес қаланың ақ саусағы. Бұл жерде «Тақиялы періште» фильміндегі кейбір эпизодтар көз алдыңызға келетінін де айта кету керек.
Сонымен, Наурызбектің таңдауы кімге түсті: кешкілік думанға келген үш қыздың біреуіне ме, әлде әке-шешесі айттырып әкелген Жағалбайдың бала мінезді қызына ма? Оны І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында наурыздың 21-22 күндері өтіп жатқан «Бастаңғы» сауық кешін тамашаласаңыз көз жеткізесіз. Думанды кеш 17.00-де басталады. Кіру тегін. Сахнагерлер көрерменді әдемі әзілге, нақышты өлең, әсерлі әнге бөлемек.
Сценарий авторы белгілі ақын, қаламгер Абылай Мауданов. Режиссерлері Дос Құбаш, Әлия Баймахан. Рөлдерді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ш.Есенғұлова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қ.Бегайдаров, ҚР Мәдениет қайраткері З.Бегайдарова бастаған сахна майталмандары мен жас актер Жұматай Ахметхан, кішкентай Қарақат Қонысбек және театрдың жас әртістері әрлеп жіберді.
Биылғы «Бастаңғының» тақырыбы қоғамдағы үйленбей жүрген жастар мәселесіне арналыпты. Әрі бұл қойылымды тек Ұлыстың ұлы күнінде ғана емес, жылдың басқа уақыттарында да сахналай беруге лайықты деп есептейміз. Басты кейіпкер Наурызбек – кез келген «қарайып қалған» жігіттің прототипі болуы мүмкін. Дегенмен қойылымдағы сүр бойдақтың қызық пен шытырманға толы бақыты оның шынайы өмірдегі сүр бойдақ замандастарына жұғысты болғай деген тілегіміз бар!
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.