Әкелер клубы, әжелер мектебі ашылды

Ұрпақ тәрбиесі қазіргі таңда ең маңызды мәселенің бірі болып отыр. Осыған байланысты ұстаздар қауымы тың ізденістер жасауда. Сондай қадамдардың бірін Аманкелді ауданындағы Б.Қолдасбаев атындағы орта мектептің бұрынғы директоры, қазіргі күні осы мектепте өлкетану үйірмесінің жетекшісі болып қызмет жасап келе жатқан Абай Кәрімұлы Айтмағанбетов бастады. Ол аталмыш мектепте әкелер клубы мен әжелер мектебін ашты. Үйірменің мақсаты – бала тәрбиесін халқымыздың ежелгі озық дәстүрлері негізінде жүргізу және оны бүгінгі заманның жетістіктерімен ұштастыру.аже
    Клуб пен мектептің ашылу салтанатына ата-аналар мен мекеме басшылары, зейнеткерлер қатысты. Атап айтар болсақ Аманкелді ауданының Құрметті Азаматы, Октябрь Революциясы және Құрмет Белгісі ордендерінің иегері, айтыскер ақын Жадыра Құтжанова, Сатыбалды ишан мешітінің бас имамы Жандарбек Мүбәрәкұлы қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды. Әкелер клубында әр салада қызмет істеп, адал еңбегімен елге танылған адамдардың ақыл-кеңестері, іс-тәжірбиелері жастарға үлгі етіледі. Мысалы аудан орталығында тұратын Олжабай Тұрғанов ақсақалмен болған кездесуде ер балалар шебердің қолынан шыққан сүйек пен теріден жасалған бұйымдармен танысты. Сол секілді өткен ақпан айында әжелер клубы «Қыз тәрбиесінің маңызы» атты тақырыпта кездесу өткізіп, қыз балаларға өздерінің үлгі-өнегелерін әңгімелеп берді.
    Әкелер клубы мен әжелер мектебі алдағы уақытта да осы дәстүрді жалғастыра отырып, ер балалар мен қыз балалар тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылап, оларға үлгі беретін болады.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ
(иллюстрациялық сурет)

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓