«Бабадан қалған байтағым!»

Арқалықта осындай атаумен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында және Жастар жылы шеңберінде жерлесіміз, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің 65 жылдығы және Ұлыстың ұлы күніне арналған аймақтық ақындар айтысы өтті.IMG-20190314-WA0045
  Айтыстың мақсаты – ақын Қонысбай Әбілдің айтыс өнеріндегі шығармашылық мұрасын, ақындардың өрелі өнері мен өрнекті сөздерін байытып, Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау, еліміздің ұлттық нышандарын қастерлеуге, жерін, оның табиғаты мен байлық қазынасын баяндау, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, қазақтың төл өнері, құдіретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру. 
  Ақындар айтысының салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров құттықтау сөз сөйлеп, жыр жүйріктеріне сәттілік тіледі.
  Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық Мәдениет сарайы ұйымдастырған сөз сайысын мерейтой иесінің төл шәкірті, белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев, ҚР Мәдениет қайраткері Боранбай Әбенов, айтыскер ақын Бағила Балмашевалар сарапқа салды.
  Екі күнге созылған думанды додада іріктеу кезеңінен өткен 12 ақын айтыс көрігін одан әрі қыздырып, дүбірлі бәйгеде бақтарын сынады.IMG-20190314-WA0042
  Алғашында алты жұп болып айтысқан ақындардың алтауы ақтық мәреге шығып, нәтижесінде бас жүлдені Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының студенті, Семей өңірінің тумасы, дарынды ақын қыз Дания Сәтбекқызы қанжығасына байлады. Қыз бен жігіттің тамаша айтысын жасап, көрермен көзайымына айналған Батырлан Сағынтаев (Арқалық қаласы) бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Мамай Ізтілеу (Майлин ауданы), үш үшінші орынды Тоба Өтепбаев (Астана қаласы), Айбар Рағатов (Астана қаласы), Ғалымгерей Кенжеғозин (Рудный қаласы) меншіктеді.
  Аламанға ат баптаған қостанайлық ақын Нұрсұлтан Қасым, жанкелдиндік қос ақын Байбатыр Ахметбеков пен Злиха Кенжеғозина және арқалықтық ақындар – Асылхан Сәлімжан, Серікболсын Абықанов, Ернұр Әуезхандарға өрелі өнердің өрістеуіне қосқан зор үлестері үшін арнайы сый-құрмет көрсетілді. IMG-20190314-WA0037  
 
Мұрат Жүнісұлы
                                                                       Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓