Түркістан делегациясы келді
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжарықов бастаған делегация жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді. Бұл сапардың мақсаты – қос өңірге инвестиция тарту, сонымен қатар Қостанай облысының ауыл шаруашылығындағы озық тәжірибесін бақылау. Түркістандықтар ауылшаруашылық техникасы мен қалалық автобустарды сатып алу бойынша келіссөздер жүргізуді де осы сапар барысында талқылады.
Қостанай облысы әкімінің орынбасар Мейіржан Мырзалиев айтқандай, өңіраралық кооперация шеңберінде ынтымақтастықты жолға қою көзделген. Меймандар Қостанай қаласындағы индустриялық аймаққа барып, өткен жылы іске қосылған өндірістер ошақтарымен танысты. Мәселен, мұнда ресейлік «Композит Групп» компаниясы Минск трактор зауытымен бірігіп трактор шығару ісін қолға алды. Жоспар бойынша Қостанайда жылына 3 мыңға дейін трактор сатылымға шығарылады. Кездесуде айтылғандай, ресейлік инвесторлардың трактор шығаруды Қостанай аймағында қолға алуының өзіндік себебі бар. Өйткені, Қостанай — Ресей нарығына жақын жатқан агроөнеркәсібі дамыған өңір. Сондықтан өнім экспорттауға аса қолайлы. Мұның сыртында, астықты аймақта техника паркін жаңартуды қажет ететін шаруашылықтар да жетерлік.
Алдағы уақытта «Композит Групп» компаниясы Түркістан облысына «Беларус» тракторларын жеткізуге уәде етті.
Түркістан делегациясы Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, екі тарап білім және денсаулық сақтау салалары бойынша тәжірибе алмасады.
Жақында Қостанай облысының делегациясы Түркістанға барып, меморандумға қол қоюға келісті.
Суретті түсірген Бағдат Төлебай