Зілтемірші

Жасы жетпіске таяса да, еңбектен қол үзбеген ардагер зілтемірші Мәлік Баймағамбетовтің есімі көпке таныс. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ талай байрақты бәсекелерге қатысты. 1977 жылғы Қазақ КСР универсиадасында чемпиона атанған да осы Мәлік ағамыз еді. Жақында Торғайдан шыққан тұңғыш кәсіби зілтеміршімен әңгімелескен болатынбыз.
IMG_9521
Мәлік Баймағамбетов – Жангелдин ауданы Көкалат ауылының тумасы. Ауылдың әр баласына тән үрдіс қой, жастайынан спортқа жақын өсті. Оның ауыр атлетикаға деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталды.
– Ауылға үй тұрғызуға шешен азаматтары келді. Олар трактордың темір доңғалақтарын емін-еркін көтеріп жүре беретін. Бұл менің де қолымнан келеді дедім. Күндегі ермегім темір-терсек көтеру-тін, – деп еске алды спортшы.
IMG_9507
1958 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1968 жылы Торғай қазақ орта мектебін аяқтады. 1968- 1970 жылдары Украинаның Харьков қаласында әскер қатарында болды. Әскерде жүріп те өзінің шеберлігін мойындатты. Зілтемір көтеруден полк чемпионы атанғаны да бар. Кейін ауылда бір-екі жыл совхоздың малын бақты. Содан соң оқу іздеп Павлодарға жол тартты. Керекудегі трактор зауытында жүргенде Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының спорт бапкерлері Мәлік Баймағамбетовтің қарым-қабілетін байқайды. Бапкерлердің көзіне іліккен ол көп ұзамай институт студенті атанады. Мәкең ауыр атлетикадан Павлодар облысының құрамасына алынды.
IMG_9509
 – 1977 жылы студенттер универсиадасына қатысып, 52 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атандым. Сол кезде алған марапат қағазым қазір Жангелдин аудандық спорт мектебінде ілулі тұр. Бапкерлер Павлодарға қалуға ұсыныс жасады. Бірақ, әкем қарсы болып, Торғайға алдырды, – дейді Мәлік Тоққожаұлы.
Кәсіби зілтемірші елге оралды. Қазіргі Қарасу (Южный) ауылында дене шынықтыру пәні мен бапкерлікті қолға алды. 1988 жылы Еңбек совхозының кәсіподақ комитетін басқарды.
Қолы қалт еткен уақытта өзінің сүйікті ісі – зілтемір көтерудің әдіс-тәсілдерін қағаз бетіне түсіретін. 2018 жылы бұл ісі жемісін берді. Қостанайдағы «Шапақ» баспасынан пауэрлифтинг спортының әдістемелік жинағын шығарды. Оның айтуынша, бұл спорт түрінің қыр-сыры көп. Мәселен, бел күшінің жарысы (становая тяга) ереже бойынша 3 кезектен тұрады.
– 59 келідегі спортшы 1-кезекте 100 келіге тапсырыс берді делік. Ол төрешінің белгісінен соң екі қолымен кеңдеу алып, белді, аяқты толық жазып, зілтемірді дірілдетпей тік ұстауы тиіс. Төрешінің пәрменінен соң кезегін аяқтайды. Екінші кезекте 105 келі, үшіншсінде 110 келіні көтерсе, соңғы көрсеткіші есепке алынады, – деп түсіндірді ол.    
IMG_9523
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, Мәлік Тоққожаұлы шәкірт тәрбиелеуде де оза шыққан. Оның шәкірттерінің бірі Мұрагер Сейілхан облыс көлеміне танымалы. Жеңіл атлетикадан бірнеше жарыстың жүлдегері. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.
– Мәлік ағайға күллі торғайлық дән риза. Өз күшімен шәкірт даярлау ісіне кіріскен адамдар жоқтың қасы. Ал Мәлік ағай аудан үшін, жас өскіннің тура жол табуы үшін жағдай жасады. Спорт ұстазының үйретері көп. Қолда бардың қадірін білейік.  Сол себепті ауданымызда ауыр атлетика залы ашылса дейміз. Мұны күтіп жүрген жастар жетерлік, – дейді Мұрагер.
Сонымен қатар, Айна Тоққожа, Сәкен Бекзада, Қазбек Тоққожа, Ғарыпжан Дархан, Таңат Нұрлытаң, Байғазы Жәнібек, Жақаш Нұрым сынды шәкірттері – ұзтаз мақтанышы. Талай чемпиондарды шығарған Мәлік Баймағамбетов бүгінде зейнет жасында. Саламатты ұрпақ тәрбиелеу үшін әлі де іздене беретінін айтады. Торғай топырағынан Қазақ елін әлемге паш ететін зілтеміршілердің шығатынына сенімді. Дегенмен, бір «әттең-айы» – білікті спортшы тәрбиелеу үшін жан-жақты жағдай жасалу қажет. Мәлік ағамыздың шымбайына бататыны да осы.
IMG_9512
– Мақсатым – ауылда ауыр атлетиканы дамыту. Ел ішінде қаншама күш иесі жүр. Олардың бабын келістірсек, өзіміз ұтамыз. ауыл спорты дамиды. Ауылда келешек жастарға білгенімді үйрететін ауыр атлетика орны болғанын қалаймын, – дейді Мәлік Баймағамбетов.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓