Балалар қайда демалуда?

Жайдары жаз мектеп оқушыларының асыға күтетін мезгілі. Ауыл баласы – қалаға, қала баласы -ауылға ағылатын кез дәл осы шақ. Оқудан босаған балалардың кейбірі демалыс лагерьлеріне барады. Өңіріміздегі балалардың жазғы
жазғы демалыс
демалысын ұйымдастыру мәселесі назардан тыс қалған емес. Облыстық білім басқарма-сының мәліметі бойынша, биыл қостанайлық балалардың жазғы демалысы үшін 14 лагерь жұмыс істеуде. Оның 9-ы мемлекеттік, өзгесі жекенің қолында. Биыл 1-10 сынып аралығындағы оқушылардың 10%-ы, яғни 9,5 мыңы лагерьлерде демалады. Қалған балалар үшін мектеп жанындағы демалыс орындары мен аула клубтары жумыс істеп тұр.
Облысымыздың 12 аймағында бапаларға арналған демалыс базасы бар. Олар Алтынсарин, Аманкелді, Жанкелдин, Жітіқара, Қамысты, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым, Сарыкөл, Таран, Ұзынкөл аудандары. Қостанайдағы бұрынғы "Колос" лагері күрделі жөндеуден соң "Мерей" деген атаумен қайта іске қосылды. Ол 400 орынға шақталған. Онда облысымыздың барлық аймақтарынан 2 мыңнан астам баланы қамтужоспарланған. Демалыс лагерьлеріндегі техникалық қауіпсіздік, жол қозғалысы мен судан сақтану, құтқару шаралары облыстық білім басқармасының бақылауында.
Жолдама құнына келер болсақ, мемлекеттік лагерьлерде 16 мың теңге, жекеменшіктерде 35 мың теңге. Мәселен, Қарабалық ауданындағы "Достық" лагерінің жолдамасы 9 мың теңге, "Сосновый бор" жекеменшік лагерінің жолдамасы 35 мың теңге тұрады.
Үш ай демалыста балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де көңіл бөлінеді. Жыл сайын, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 740 (84%) тәрбиеленушінің жазғы демалысы ұйымдастырылады. Соның ішінде, үш балалар үйі мен мектеп-интернатының балалары "Генерал Бәкіров", "Лесная сказка", "Алтын гүл" лагерьлерінде дамалады. Сондай-ақ, интернат тәрбиеленушілерінің жазғы демалысы да қарастырылған.
Рудный қаласындағы №19 орта мектебіндегі жазғы демалыс алаңы балақайлардың сүйікті орнына айналған. Аталмыш алаң екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Мұнда келетін балалар саны жылдан жылға көбеюде. Нәтижесінде, биыл жаңадан үш топ ашылды. Олар "Гүлдер", "Ақ көгершін" және "Балдәурен" топтары. 
Нұртөре, 7 жаста:
нұртөреМен өзім оқитын Қостанайдағы №24 мектеп-гимназиясының жанындағы лагерьде демалдым. Жазғы демалысымның бір айы дәл осы лагерьде өтті. Тәрбиешілер бізді кинотеатрға, аквапаркке апарып, қызықты ойындар ойнатты. Үш ай демалысымның қалған уақытын ауылда өткіземін. Себебі, ауылдағы әжем мені асыға күтіп жүр. Мен де әжемді сағындым.
Кішкентайларға арналған "Балдырған" тобын ерекше атап өтуге болады. Бұл топта 6 жас-тан 11 жас аралығындағы балалар бар.
Демалыс алаңында таңғы ас, түскі ас берілді. Жоспарға сай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Кішкентайлардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында бассейн, кинотеатр, мәдени орталықтар мен кітапханаға саяхат жасап, Тобыл өзенінің жағасына серуенге шығарады. Оқушылар үшін табиғат аясында демалудың пайдасы ұшан теңіз.
Шәкірттердің Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында танымдық, спорттық, интеллектуалдық іс-шаралар тұрақты түрде өтіп отырады. Мәселен, 4 маусым ҚР рәміздер күніне орай "Рәміздер – Тәуелсіздіктің белгісі" тақырыбында балалар мұражайға саяхат жасады. Қыздар арасында "Жаз аруы" сайысы ұйымдастырылды. Демалысты қызықты да көңілді, тартымды етіп өткізу үшін жазғы сауықтыру алаңының жетекшілері Ж.Сармұрзина, Г.Жақсылықова, Ж.Әшімова, С.Тұрымбетова, К.Нұрлыбаева атсалысуда.
-Демалыс алаңындағы әр күн балалардың күлкісіне толы. Демалушылардың жайдары жүздерін көріп біз де риза боламыз. Мектеп жанындағы алаңның балаларға ұнағаны сонша, олардың тіпті жазғы алаңнан кеткісі жоқ,- деді «Гүлдер» тобының тәрбиешісі Гүлназ Жақсылықова.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕРДЕ: Аманкелді ауданының балалары Қостанайға қыдырып келді.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓