Ажырасу абырой емес
Жыл өткен сайын өмірде лайықты жұбыңды тауып, жеке отбасын құру қиындап бара жатқандай. Бірін-бірі сүйіп қосылған жарасымды отбасылардың көп уақыт өтпей ажырасып жатқандарын көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Біраз уақыт бұрын мұндай оқиғаларға таңданып, жаға ұстайтын болсақ, бүгін құлағымыз үйреніп, үйреншікті жайға айналған.
Қостанай облысы ажырасу көрсеткіші бойынша, өкінішке орай, алдыңғы қатарда тұр. Мысалы, Лисаков қаласында некеге отырған әрбір екінші жұп ажырасып тынады екен. 2018 жылы жергілікті сот ажырасу туралы 190 істі қараған. Ерлі-зайыптыларды татуластыру шараларының нәтижесінде 37 жұп қана өз райынан қайтты.
Ажырасу себептері әр түрлі: бірі «мінездеріміз сәйкес келмеді» десе, екіншісі «зиянды әдеттерге салынғандықтан» деп отыр. Шұғыл психологиялық көмек беру кабинетінің психологы Наталья Папертнаяның айтуынша, соңғы үш жылда маманның көмегіне осы мәселе бойынша 27 жұп жүгінген. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 11 отбасыны сақтап қалу мүмкін болды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың алғашқы екі айында 25 некеге отыру мен 11 ажырасу дерегі тіркелген.
Ажырасу абырой емес. Өйткені отбасын құрып, өз алдына жеке шаңырақ көтеру – адам өміріндегі ең маңызды қадам. Бастысы, қолда бар құндылықты сақтап қалуға барынша тырысу керек. Адам сабырлы, шыдамды, кешірімді болса кез келген қиындыққа төтеп беруге болады. Әр отбасы – жеке бір ғажайып әлем. Сол әлемге терең бойлап, кілтін тауып, мәңгі бақытты ғұмыр кешу – жастардың өз қолында. Үлкендер тарапынан тек түсіністік пен қолдау қажет…
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ