«Бір үйдің баласындаймыз…»
Ағайынның аузы ала болса, айтқаны бір жерден шықпаса, жұрты көсемінің соңынан ермесе, әр үй өз ынтымағын қызғыштай қорғамаса, бірлігі кетіп, берекесі тозған ел содан шығады. Бұл – ел сөзі. 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне орай біз Қостанай қаласының тұрғындары арасында сауалнама жүргізген едік. Тұрғындар халықтар достығын бағалап, ынтымақта өмір сүру елдің дамуына сеп болады дейді.
Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде. Қазақстан – азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер пен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет. Қазақстан халқының бірлігі күні – патриотизмнің, достық пен бірліктің жарқын дәлелі.
Осы күн Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Сол себепті бір-бірімізді құттықтап, мейрамның маңыздылығын сезінген дұрыс.
Бірлік күні – елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының жемісі. Мұны біз, жас ұрпақ санамызға сіңіруіміз қажет. Бұл мереке еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналады деп ойлаймын. Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан да, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.


1 мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашсын деп тілейік!