Боран жолдан жаңылдырған
Тәртіп сақшылары Науырзым ауданында тас жолдың жиегіне шығып кеткен «КамАЗ» көлігінің 62 жастағы жүргізушісіне көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Науырзым ауданында болған. Арқалық қаласынан Қостанайға келе жатқан «КамАЗ» көлігі қарлы боранда жолдан шығып кеткен.
«Шилі және Қожа ауылдарының арасында қар құрсауында қалып қойдым. Көлікті өз бетімше тасжолға шығарғым келген, бірақ одан түк шықпады. Жанар-жағармай таусылды, боран одан сайын күшейді. Көлік іші қыраулана бастады», – деп еске алады Болат Қожыбаев.
Мұнан соң ол полицияға қоңырау шалған. Оқиға орнына полиция капитаны Еркін Омаров пен полиция аға сержанты Мирас Төлебаев бастаған автопатруль шықты.
«Олар жүргізушіге ыстық тамақ және жылы киім берді, сондай-ақ жүк көлігін қауіпсіз жерге көшіруге арналған ауыр техниканы ұйымдастырды. Арнайы техниканың көмегімен «КамАЗ» көлігі қар құрсауынан шығып, жақын маңдағы ауылға жеткізілді», – делінген ПД баспасөз хабарламасында.