Бишілер байқауы өтті
«Мирас» мәдениет сарайында «Рухани қазына» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Тобыл толқындары» атты облыстық халық билері байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – хореографиялық өнерді халық билері арқылы насихаттау, Қазақстан халықтарының мәдени мұраларын дамыту және сақтау, халықтардың дәстүрлі мәдениетін жаңғырту, үздік хореографиялық ұжымдарды анықтап, өнерлерін жетілдіру және шығармашылық жағынан өсуіне жағдай жасау. Байқауға Қостанай облысының аудандары мен қалаларынан 15 би ұжымы қатысып, өздерінің бақтарын сынады. Байқаудың бірінші бөлімінде үміткерлер қазақтың сюжетті, мазмұнды биін орындаса, ал екінші бөлімінде қатысушылар Қазақстанда тұрып жатқан өзге халықтардың билерін орындап, өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың қорытындысы бойынша, «Зарянка» би ансамблі (Қамысты ауданы) І орынды иеленсе, ІІ орынды «Звезды» би ансамблі (Федоров ауданы), ІІІ орынға «Фиеста» (Рудный қаласы) және «Экзерсис» би ансамблі (Таран ауданы) лайық деп танылды. Сондай-ақ, байқаудың ең жас қатысушылары Заречный селосының «Салтанат» би ұжымы арнайы сыйлық иеленді. Байқау жеңімпаздарына диплом табыс етіліп, сый-сияпат жасалды.
Әсел Қибаш
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков