ЕЛБАСЫ БЕРГЕН ТАПСЫРМАЛАР

Бүгінгі "Нұр Отан" партиясының кезекті XVIII съезінде  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев міндеттеген тапсырмаларды назарларыңызға ұсынамыз: 
1. Көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады. Бұл шараға жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады. 
«Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылардың ішіндегі аз қамтылған отбасыларға басымдық бере отырып 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырамын. Бұл мақсатқа таяу 7 жылда жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 
2.Қазақстанның бүкіл халқын таза ауыз сумен қамтуға және жаппай газдандыру жұмыстарына басымдық беріледі.
«Халықты таза ауыз сумен қамту және жаппай газдандыру – маңызды басымдық болып қала береді. Елдімекендерге су тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстарына қосымша 140 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл қаражатты облыстар алып, жұмысқа кірісуі керек. Бұл шешім осы саладағы 2,2 млн азаматтың мәселесін шешеді», – деді Президент. 
 
3.Алдағы үш жылда ірі қалаларда баспана салуға қосымша 90 млрд теңге бөлінеді. 2019-2021 жылдары Қазақстанның ірі қалаларында баспана салуға қосымша 90 млрд теңге бөлінеді.
«Баспанаға мұқтаждық – әлемнің ірі қалаларында да бар мәселе. Мексика мен Үндістанда болғандар біледі. Адамдар жұмыс үшін ағылып келеді, ал баспана жоқ. Мемлекет те бәріне бере бермейді. Сондықтан, Қазақстандағы ірі қалалар үшін 2019-2021 жылдары қосымша 90 млрд теңге бөлінеді», – деді Президент. 
Сонымен бірге, Президент кіші және моноқалаларды дамыту үшін де жылына 10 млрд теңгеден үш жыл бойы қосымша қаражат бөлінетінін хабарлады.
 
4.Елбасы партияға «Құтты мекен» жобасын іске асыруды тапсырды.
«Нұр Отан» партиясы еліміздегі инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы керек. Осылайша 7,5 млн ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мүмкіндігі туады. Ең алдымен үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірігіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, әлеуметтік нысандар мен интернаттар тұрғызу жұмыстарын жүргізуі керек», – деді Президент.
 
5. Мүгедек балаларды асырап отырған ата-аналардың жәрдемақысын арттыру тапсырылды. 
«Үкіметке мүгедек балаларды асырап отырған ата-аналардың жәрдемақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырамын. Біздің есебімізге сәйкес, осының арқасында 100 мың адамның жәрдемақысы өседі. Осы мақсатта 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңгені бөліп беруіміз керек», – деді Н.Назарбаев.
Президенттің айтуынша, еңбекке жарамды азаматтарды жұмысқа тарту қажет. Бүгінде үйде отырып та табыс табуға болады.
«Жергілікті бюджет есебінен де көмек беруді күшейту керек. Ондай мүмкіндіктер бар. Қаржыны үнемдеп, қажет жерге жұмсау қажет. Өткен жылы жергілікті бюджеттердің есебінен 135 миллирд теңге көмек берілді. Осындай көмекті жалғастыру қажет», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
 
6.Көпбалалы отбасыларға 2-3 пайызбен баспана сатыл алу мүмкіндігі беріледі.
Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалар бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыруды тапсырды.  «Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру жеңілдіктері тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд теңге бөлуді тапсырамын»,- деді Елбасы. 
 
7. Елбасы 2019-2021 жылдары ауылды дамытуға 90 млрд теңге бөлуді тапсырды.
«Біздің ауылдарды өсім нүктелеріне айналдыруымыз керек Әрбір ауылда қандай да бір жұмыс орнын ашу керек. Ол үшін микронесиелер бар. Жұмыс берсек тұрғындар ауылда қалады. Бізде бірінші мамандықты тегін оқыту жүйесі, Жол картасы бар. Мүмкіндіктер мол. Тек нақты жұмыс істеу керек. Баспана мен жол салып, әлеуметтік нысандарды тұрғызып, ШОБ-ты дамыту керек. Ауылда өзінің әлеуеті бар. Өңдеу өнеркәсібін ол үшін дамыту керек. Елімізде үлгілі ауылдар жетерлік», – деді Президент. Осыған байланысты Президент Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру үшін ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды. «Сонымен бірге, ұсыныстармен бірге осы бағытта қаржыландыру бойынша 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Осы жастарды ауылда ұстап тұруға мүмкіндік береді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 
8.Президент осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды.
"Мемлекеттің басты міндеті – азаматтарға жұмыс тауып беру. Көмек мұқтаж адамдарға беріліп, атаулы сипатқа ие болуы керек. Мен бұл мәселені жеке бақылауыма аламын. Партияластарды да бөлінген қаражатты әрбір отбасыға жеткізуде бақылауға көмектесуді сұраймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырамын. Біз оларды қолдауымыз керек. Осы мақсатта 2019-2021 жылдары қосымша 980 млрд теңге бөлінетін болады".
 
9.Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлінеді.
Мемлекет басшысы қоғамдық денсаулық пен алғашқы медицинақ көмекке бөлінетін қаражаттың жалпы денсаулық сақтау саласына қарастырылған ақшаның 40 пайызынан 60 пайызға дейін арттырылуы тиістігін айтты. Сонымен қатар, аталған саланы дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлінетіндігін атап өтті.
 
10. Республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталады
«Биыл республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталады. Әлеуметтік бөлімде бірқатар түйткілді мәселелердің бар екені анықталды. Осыған байланысты, азаматтарымыздың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту үшін Ұлттық қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдадым. Үкімет бұл шығындарды дұрыс әкімшіліктендіруі керек», – деді Президент. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓