Кәсібі денсаулыққа пайдалы
Микро-көк шөп деген не, оны қалай пайдалану керек? Біздің өңірде мұны көбісі біле бермейді. Алайда, Лилия Струлеваның бизнесі арқылы денсаулыққа пайдалы көк шөпті қолданушылар саны артып келеді. Осылайша бірегей бизнес біртіндеп дамып келеді.
Лилия – алты және он екі жастағы екі ұлдың анасы. Былтыр үлкен ұлы ет жеуден бас тартқан. Бұған алаңдаған ана етті алмастыратын азық-түлік түрін іздей бастады. Өйткені, ет құрамындағы дәрумендер мен микроэлементтер өсіп келе жатқан бала ағзасына өте қажет. Интернет арқылы көк шөпті өсіру туралы ақпаратты тапқан Лилия, көк шөпті терезе алдында өсіріп көреді. Пайдалы өсімдік дәмді болып шықты. Көп ұзамай маш, ноқат, жасымық, бидай және басқа да дақылдардың өскіндері Струлевтардың дастарханынан үзілмейтін болды.
– Осылай отбасымызбен вегетариандыққа өттік. 100 грамм көк шөптегі микроэлементтер көлемі 100 грамм еттегі пайдалы элементтерден кем емес. Бұдан бөлек шөптің емдік қасиеті көп. Әр дақылдың өскіні түрлі дәмі бар, түрлі емдік қасиеті бар», – деді Лилия Струлева.
Лилия – белсенді адам, ол декреттік демалыста бос отыра алмады. Бірде оның таныстары «Бастау» жобасы туралы айтқан. Лилия бірден қатысуға өтінім берген.
– Бұл кезең өміріме түбегейлі өзгерістер әкелді. Әрине, бизнес-идеялер көп болды, бірақ мен микро-көк шөп өсіруді қаладым. Күтпеген жерде қолдауға ие болдым! Мен 240 000 теңге көлемінде грант алдым. Бұл қаражатқа жабдық сатып алдым. Кейін жалға цех алдым. Қазір тұрақты табыс әкелетін сүйікті ісім бар, – деді кәсіпкер.
Алғашқы клиенттер «ауыздан ауызға тараған ақпарат» арқылы жиналды. Кейін Лилия әлеуметтік желілерде аккаунттар ашты, онда денсаулыққа пайдалы рецептілермен бөлісті, жаңа өнім түрлері туралы жарнама жасады. Лилия тұрақты түрде ассортиментті толықтырып отырады. Соңғы жаңа өнімдер ішінде қара күнжіт бар, бұл дақыл кальцийге бай, адам қанында холестерин деңгейін түсіреді.
Кәсіпкер тұқымды Ресейден алдыртады. Басты талап – ешқандай химиялық өңдеудің болмауы. Шын мәнінде табиғи таза өнім эколологиялық таза шикізаттан алынады.
-Бұған қоса, витграсс дайындаумен айналысамын. Бұл – бидайдың 5-6 күндік өскінінен алынатын шырын. Витграсс – жастықтың сусыны деп аталады. Ол ағзаны тазалайды, ағзаны аурудан кейңн қалпына келтіреді. Оның емдік қаситеттерін айта берсең көп, – дейді Лилия.
Кәсібін енді бастаған кәсіпкердің клиенттері көбейіп келеді. Өйткені, Лилияның отбасы да оған клиент, демек өнімнің сапасы ол үшін бірінші орында.
Әлібек ЫБЫРАЙ