Марат ӘЗІЛХАНОВ: ҚХА негізгі міндеті – ұлтты ұйыстыру

Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты –қазақ халқын топтастырушы рөлін атқара отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету. "Qogam live" жобасы аясындағы сұхбатта Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов қазіргі жұмыстары мен жоспарлары туралы айтып берді.
Құрметті Марат Алмасұлы, соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте ҚХА туралы сындар айтылып, осы институттың таратылуына қатысты пікірлер жария болып жүр. Бұл тұрғысында қандай түсінік берер едіңіз?
– Иә, мұндай пікірлерді байқап отырмыз. Бірақ мұндай көзқарас білідірушілер аз. Мына бір дүниеге мән қою керек – мұндай мәлімдемелердің негіздемесі бар ма? Негізінен, бәрі "сын үшін айтылатын сын" сияқты. Сондықтан мұндай пайымдаулар Ассамблеяның қызметі туралы толық білмейтін адамдардың аузынан шығады деп тұжырымдаймыз. Біз әрқашан сындарлы ескертулер мен ұсыныстарды талқылауға дайынбыз. Бұл үшін жариясыз түрде көптеген сарапшылармен және жұртшылық өкілдерімен кездесулер өткіземіз. Олардың пікірлерін пысықтаймыз және өз жұмысымызға түзетулер енгіземіз. Шын мәнінде, этносаралық келісім, толеранттылық, этностық қатыстылығына қарамастан құқықтарының теңдігінің сақталуы – қоғамда ашық түрде байқалмайтын құбылыстар. Алайда олардың болмауы немесе әлсіреуі өте қатты сезіліп қалады. Өйткені, кез келген ел мен қоғамдағы этностық тақырып ең қайшылықты мәселе саналады. Әлемдік тарихқа көз жүгіртсеңіз, бұл саладағы шиеленістерді шешу қиын екенін, кейде мемлекеттердің тұтастығының жоғалуына дейін әкелетінін көресіз. Еліміздің жетістігі – этностық және мәдени сан алуандық біздің стратегиялық ресурсымызға айналды. Бұны сақтау және жетілдіре түсуіміз керек.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының болашағына қандай болжам айтасыз?
– Қазіргі уақытта ҚХА мен оның құрылымдарының негізгі жұмысы Мемлекет басшысының өткен жылдың қазан айында өткен Ассамблея кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Бұл отырыстың ерекшелігі Президенттің этносаясаттағы бар проблемаларды ашық көрсетіп, этносаралық қатынастар мәселелерінің барлық спектрі бойынша 37 жүйелі тапсырма беруі болды.
Мәселен: өңірлік даму деңгейінде мемлекеттік саясатты іске асыру және әкімдіктер жұмысының тиімділігін арттыру; әлеуметтік, криминалдық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және олардың этносаралық жағдайға көшуіне жол бермеу; ҚХА шеңберіндегі жаңа нақты жобалар мен жұмыс бағыттарына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, біз Аналар кеңестерінің, "Ассамблея жастары" ұйымының және Ассамблеяның өзге де құрылымдарының халықтың қалың жігін интеграциялық процестерге тартуға бағытталған жұмысын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, біз формальды іс-шаралардан түбегейлі бас тартып, әлеуметтік маңызға ие мақсаттары бар нақты жобаларды күн тәртібіне шығаруға ниеттіміз.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы жыл сайын сәуір айында дәстүрлі түрде өтеді. Осы жылы қандай жаңалықтар күте аламыз?
– Қазіргі уақытта аталған іс-шараның тұжырымдамасы пысықталуда. Әрине, мен оны қазір айта алмаймын. Сессия біздің қоғамда болып жатқан өзгерістерді арқау ете отырып, жаңа форматта өтеді деп айта аламын. Сессияның басты негізі біздің ұлтымызды Жаңа Қазақстан құру мақсатына топтастыруға арналатыны сөзсіз.
– Марат Алмасұлы, сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓