Өңір өндірісінде өсім бар
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Қостанайға келді. Мақсат – аймақтағы бірқатар өндіріс орнын аралап, Елбасы белгілеген тапсырмалардың орындалу барысымен танысу.

Алдымен Жеңіс Махмұдұлы халықаралық әуежайға барды. Онда мәртебелі мейманға стратегиялық нысанның инфрақұрылымын дамыту төңірегіндегі жұмыстары таныстырылды.
-Әуежайдың ұшу-қону жолағын ұлғайтамыз. Қайта жаңарту жұмыстары барысында оның ұзындығын 300 метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жоба құны 300 млрд теңге тұрады. Жөндеу жұмыстары 2018 жылдың бірінші маусымында басталып, осы жылдың қыркүйек айында тапсыруды мақсат етіп отырмыз. Былтыр 4,5 млрд теңге игерілді. Қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін әуе айлағынан ұшу бағыты көбейетін болады. Сондай-ақ, әуежай көлемді жүк порттарын жеткізіп, қабылдай алатын мүмкіндікке ие болады, – деді "Қостанай" әуежайын қайта жаңарту жұмысын жүргізуші астаналық "Қазақдорстрой" компаниясының директоры Михаил Бабаев.

Одан кейін Жеңіс Махмұдұлы «Сарыарқа АвтоПром» ЖШС өндіріс алаңына беттеді. Онда министр өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Мұнда министрмен бірге Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен өндіріс басшылары және шетелдік автокөлік зауыттарының өкілдері болды.

Аумағы 400 гектар индустриялық аймақ алаңында бүгінде 300 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылған. Жоспарға сай, үш зауыттың құрылысы да биыл басталмақ, 120 млрд теңгеге инвестиция тартылып, шамамен, 600 жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.

– Астық және майлы дақылдарды өңдейтін ауыл шаруашылығы алқабының құрылысы қолға алынбақ. Оған 300 млн АҚШ доллары жұмсалмақ. Жоба қытай инвесторларымен бірлесе жүзеге асырылатын болады. Жаңа кешенге жылына 600 мың тонна астық өндіру қарастырылған. Сондай-ақ, индустриялық аймақ аумағында "Красный гвардейский" машина шығаратын зауыты да өз жобаларын жүзеге асырмақшы, – деді "Композит Групп Казахстан" ЖШС құрылтайшысы Анатолий Черных.

Ресейдің "Композит Групп " холдингі "МТЗ" маркалы Беларусь тракторларын құрастыратын зауытты жақында іске қосты, 70 трактор нарыққа жол тартты. Техниканың құны 7 млн теңге тұрады. Кәсіпорын жылына 3 мың трактор құрастыруға қауқарлы. Жоба толық күшіне енгенде 250 адамды жұмыспен қамтымақшы. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің айтуынша, бүгінде индустриялық аймақ аумағының 40%-ы игерілген. Өндіріспен айналысамын деген инвесторларға барлық мүмкіндіктер жасалып, инфрақұрылым тартылған.






Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев