Жаңа қауымдастық құрылды
Облыста құрылысшылар қауымдастығы пайда болды. Оны «БК-Строй» ЖШС директоры Игорь Ким басқарады. Кәсіпкерлер палатасында құрылысшылар қауымдастығының алғашқы отырысында жаңа құрылымның басшысы бірауыздан сайланды.
-Біз бүгін мұнда кездейсоқ жиналған жоқпыз. Мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі ретінде «Атамекен» өте тиімді жұмыс істейді, әрі кәсіпкерлердің кез келген мәселесін шешіп бере алады деп батыл айта аламын. Қазір қордаланған мәселе көп. Оны жалғыз-жарым жүріп шешу қиын. Сондықтан, қауымдастық құру туралы ортақ тоқтамға келдік. Жаңа құрылымға тек құрылысшылар ғана емес, жобалаушылар, техникалық бақылау, құрылыс материалдарын шығарушылар, бір сөзбен айтқанда құрылысқа қатысы бар азаматтар мүше бола алады,-дейді Игорь Ким.
Алғашқы отырыстың өзінде қауымдастыққа 29 кәсіпорын бірігуге ниет білдіріпті. Алдағы уақытта олар мәселелерді кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешетін болады.
-Салалық қауымдастық құру көптеген проблемаларды анықтап, оларды оңтайлы шешуге көп мүмкіндік береді. Өңірде туризм және ресторан кәсіптерінің қауымдастығы бар. Бізде құрылыс саласы да жеткілікті. Олардың мәселелерін біз Үкімет деңгейінде шешетін боламыз,-дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Әлібек ЫБЫРАЙ