Шағын бизнесті несиелендіру шет қалуда
Бұл туралы бүгін өңір басшысы А.Мұхамбетовтың қатысуымен өткен алқалы жиында айтты. Облыс әкімі “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында шағын бизнесті несиелендіру жұмыстарының кейбір аудан, қалаларда сылбыр жүргізіліп жатқандығын сынға алып, сала басшыларына мәселені тездетіп қолға алуды қадап тапсырды. Сондай-ақ, жиында жұмыспен қамту мәселесі, жаңа жылыту маусымына дайындық барысы мен облыстағы электронды коммерцияны дамыту мәселелері сөз болды.
(иллюстрациялық сурет)
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Г.Әбенованың айтуынша, ағымдағы жылы бағдарламаны іске асыру үшін 7,8 млрд теңге қарастырылған, соның бүгінге дейін 3,5 млрд теңгесі игерілген. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына он бес мыңға жуық адам өтініш білдірген. Іске асырылған жобалардың нәтижесінде 3189 жұмыс орны құрылып, 679 адам жұмыспен қамтылған. Басқарма басшысы өз баяндамасында міндетті зейнетақы жарналарын аудару мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, жұмыспен қамтылған адамдардың 61 пайызында ғана міндетті зейнетақы жарналары бар көрінеді. Сондықтан, басқарма басшысы жұмыс берушілерге міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы және толық аударуын ескертті. Бұл мәселе бойынша Қостанай, Қарабалық, Таран, Денисов аудандары мен Қостанай қаласында жұмысты күшейту керектігін айтып өтті.
– Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру үшін өңірлерден қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары бойынша да өңірде тиісті жұмыстар қолға алынды. Осы мақсатта облысқа 272 отбасы қоныс аударады деп күтілуде. Бүгінгі таңда Алматы Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан қоныс аударғалы отырған 53 отбасыға арналған аймақтық квота енгізілді. Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде кәсіптік және техникалық мамандықтарға 2,5 мыңнан астам адамды оқыту көзделіп отыр. Ал, қысқа мерзімді курстарда 1625 адамды оқыту жоспарланса, бүгінде соның 1272-сі оқытылып, 671-і жұмысқа орналастырылды, – дейді Г.Әбенова.
Бүгінде облыстағы барлық жұмыспен қамту орталықтары өздерінің жұмыстарын электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асыруда. Жаңа жүйенің тиімділігі, жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, бос орындарды өздерінің жеке кабинеті арқылы ұсына алады. Ал, жұмыс іздеу кезінде азаматтар да өз қалауымен түйіндемені электрондық еңбек биржасына орналастыра алады. Қазіргі уақытта Электрондық еңбек биржасының сайтында 3820 бос жұмыс орны туралы екі мыңнан астам хабарландырулар жарияланған. Порталда түйіндеме жіберген үміткерлердің саны төрт мыңнан асады.
Облыс әкімі А.Мұхамбетов бағдарлама бойынша сылбыр жұмыс істеп жатқан Қостанай, Жітіқара, Ұзынкөл, Қарабалық аудандары мен Арқалық қаласының әкімдеріне жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті. Әрі бұл жұмыстарды әкімдердің өздері бақылауда ұстап, халықтың бағдарламаның мүмкіндігін мейлінше пайдалануына көңіл бөлу керектігін жеткізді. Әсіресе, кәсіптік және техникалық мамандықтарға оқыту, шағын бизнесті несиелендіру жұмыстарына да барынша көңіл қоюды қадап тапсырды.
Қарлығаш ОСПАНОВА