Алда – ауқымды жоспарлар
«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының кезектен тыс ХҮІ конференциясы өтті. Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен конференция жұмысына облыстың аумақтық партия филиалдарынан сайланған 209 делегат қатысты. Биыл 27 ақпанда Астана қаласында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналған съезд өтеді. Қостанайдағы басқосудың басты мақсаты – осы ауқымды іс-шараға орай өңір дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында партия филиалы атқарған міндеттерді екшеп, талдап, таразылай отырып, 2019 жылға белгіленген межені пысықтап, айқындап алу.
– 2019 жыл – «Нұр Отан» партиясы үшін айрықша маңызды жыл. 1 наурызда партияға 20 жыл толады. Бұл – барша қазақстандықтар үшін аса маңызды тарихи оқиға. Елдің даму кезеңдеріндегі күрделі экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайларда партия өзінің басты мақсаты ретінде халықтың әл-ауқатын арттыруды мақсат тұтты және оны бұлжытпай орындап келеді, – деді Архимед Мұхамбетов.
Жиын барысында филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаев «Нұр Отан» партиясы құрылған кезеңнен бастап бүгінге дейінгі тарихты шолып өтті:
«Бүгінгде қоғамдағы жетекші рөлге ие болып отырған қоғамдық бірлестік 1999 жылы құрылып, ел Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық коалиция негізінде «Отан» партиясы атымен дүниеге келді. Президент қоғамдық штабтың саяси партия құру туралы ұсынысын қолдады. Сөйтіп, партияның құрылтай Съезі 1999 жылдың 1 наурызы күні өтті. Бұл партия – құрамында 164 мың адамы бар Қазақстандағы сан жағынан ең ірі саяси күш болды. Партия құрылған шақ – елдегі 90-шы жылдардың күрделі уақыты еді. Кеңестер одағы тарағаннан кейін елге түскен күрделі кезеңді көзге елестету, еске алу өте қиын. Мемлекетіміздің және жетекші партиямыздың аяғынан жаңа тұрған осы бір күрделі кезеңіне куә болған аға буын өкілдері сөздерімді дәлелдей алады», – деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Спанов өңірде партия тарапынан жасалып жатқан іргелі істерге тоқталды. Оның айтуынша, Елбасы бастамасымен қолға алынған әлеуметтік бағдарламалар өңірде толыққанды жүзеге асып келеді. Мәселен, биыл 1 қаңтардан бастап облыста 154 мың адамның жалақысы өскен. Сондай-ақ, салық жүктемемесін жеңілдету мақсатында жалақысы төмен 51,1 мың адамның айлығына арнайы үстеме ақы қосылған. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 1,6 млрд теңге қарастырылған. Мұның сыртында жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен өңірде қаңтар айынан бастап 40 мың жұмысшының жалақысы еселеніп отыр.
Биыл Қостанай облысының құрылғанына 140 жыл толады. Облыс әкімі конференцияға қатысушыларға атаулы жылға арнайы белгіленген шаралар жайында қысқаша баяндап берді:
«Мерейтой қарсаңында біз облыс орталығын абаттандыруға күш жұмылдыруымыз керек. Осы мақсатта наурыз айында облыс кәсіпкерлерімен арнайы кездесіп, оларды өз мүмкіндіктеріне қарай, қолдарынан келгенше, Қостанай қаласын көркейтуге үлес қосуға үндейміз. Бүгінде мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатысып жатқан әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін банк белгілеген бастапқы жарнаны жинау қиын. Сондықтан «7-20-25», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға жеңілдіктер енгізіледі. Бұл жеңілдіктер, әсіресе, басында баспанасы жоқ жас отбасылар үшін аса тиімді болмақ. Жақында «Еуразиялық топ» пен облыстық әкімдік әлеуметтік серіктестік туралы меморандумға отырды. Қазір тарифтер өсіп жатыр. Енді біз 1 млрд 200 мың теңгеге тарифтерді субсидиялайтын боламыз. Бұл Рудный қаласы мен Қашар кентінде жылу тарифтерін тұрақтандыруға, ал Арқалық тұрғындары үшін электр қуатының бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру мәселесі де біршама реттеліп қалды. Өңірде, шамамен, 500 мектеп болса, соның 364-інде 1-11-сынып оқушыларына ыстық тамақ тегін беріледі», – деді өңір басшысы.
Жиын соңында алдағы уақытта Елордада өтетін партия съезіне қатысатын делегаттар сайланды. Сондай-ақ, өңір дамуы мен әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына мұрындық болып жүрген партия белсенділері марапатталды.
Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев