Тағылымы мол шара
А.Қоңқабаев атындағы орта мектебінде 1-12 ақпан аралығында «Өзін-өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы» тақырыбында мектепішілік онкүндік өтті. Іс-шараның басы мектеп кітапханашысының ұйымдастыруымен «Мейірімі мол ана» атты кітап көрмесінен басталып, онда Сара Алпысқызының суреті мен жазған кітаптары қойылды.
Көрменің мақсаты – ана мен бала арасындағы шексіз махаббатпен сүйіспеншілікті дәріптеу. Кітап көрмесіне барлық сынып оқушылары тартылды. Келесі күні аталған шараның жалғасы ретінде С.Алпысқызына арналған «Балаға жүрек жылуы» атты тақырыптық сабақтар мен сынып сағаттары өткізілді. «Өнеге – отбасынан», «Кәусар бұлақ – тұнығынан» тақырыптарында сабақтар өткізілді. Соның ішінде атап айтатын болсақ, өзін-өзі тану мұғалімі «Мейірімділік – асыл қасиет» тақырыбында 9-10 сыныптарға сабақ өткізді. Ұйымдастырушы мейірімділіктің қалай қалыптасатынын сабақ барысында түрлі әдістермен жеткізе білді. Әсіресе, оқушылардың белсенділігін ерекше атап өтуге болады. Атқарылған шаралардың ең маңыздысы – «Алтын жүректі анамыз» атты мәнерлеп өлең оқу сайысы. Бастауыш сынып мұғалімдеріне дейін атсалысып, Сара Назарбаева туралы, ол кісінің адамгершілік қасиеттері жайлы, дүниедегі жақсылық атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың мейірімінен тарайтынын әсерлеп айтып берді. Оқушылар шеңберге тұрып, жүректің бейнесіндегі параққа жылы сөздер жазып, бір-біріне сәттілік тіледі. Бастауыш сынып оқушылары белгілі ақын-жазушыларымыз – М.Мақатаев, Ә.Дүйсенбиев, О.Асқар, М.Дулатовтың шығармаларын нақышына келтіріп, мәнерлеп жатқа айтты.
Онкүндікте аса белсенділік танытқан оқушыларымыз да жоқ емес. Бірінші орынға 1-сынып оқушысы Дәулет Балтабай мен 3-сынып оқушысы Элиза Әлмен, екінші орынға 2-сынып оқушысы Гүлназым Ыхылас және 4-сынып оқушысы Нұртөре Бейбіт, үшінші орынға 4-сынып оқушысы Жансая Жақсылық, 3-сынып оқушысы Аяжан Ғазездер иеленді.
Тағылымды шара бұдан әрі «Руханилықтың мөлдір бұлағы» тақырыбында оқушылардың сурет және қолөнер туындыларының көрмесімен жалғасты. Оқушылар өздерінің аналарына, жақындарына, бірге жүрген достарына арнап, ашықхаттарын, суреттерін, қолдарынан жасаған туындыларын тарту етті. Мектепішілік шарада өзін-өзі тану мұғалімдері және музыка пәнінің мұғалімдерінің ұйымдастыруымен 4-6-сынып арасында «Ән – көңілдің ажары» атты байқаумен қорытындыланды. Ең үздік әндер анықталып, орындаушылар марапатталды. Осылай республикалық онкүндікке біздің мектеп осылай өз үлесін қосты. Оқушылар өздеріне мол ғибрат алды деп сенеміз.
Нұргүл ИСКЕНДИРОВА,
психолог,
Жанкелдин ауданы.