Көктемге өкпең болмасын…
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев су тасқыны қаупіне байланыс әкімдерге бірқатар нақты тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидрометтің болжамы бойынша, кейбір өзендерде ылғал қоры нормадан асып тұр. Қар әлі де жауып жатыр. Оның үстіне, қазір болжамдардан көріп отырмыз, ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы көтеріледі деп күтілуде. Осыған дайын болумыз қажет. Сол себепті әкімдерге бірқатар тапсырма бар. Бірінші – тасқын қаупінің алдын алу және жою бойынша жол картасын сапалы қамтамасыз ету. Жұмысты үйлестіру Ішкі істер министрлігіне жүктеледі», – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Екіншіден, Б.Сағынтаев әкімдерге иесіз гидроқұрылғыларды коммуналдық меншікке беру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
«Үшінші – су қорғау аймақтары мен белдеулерінде тұратын адамдар мен нысандарды қауіпсіз жерге көшіру. Төртіншіден, Ішкі істер министрлігі әкімдермен бірлесіп, су тасқыны маусымына күштер мен құралдардың толық дайындығын, қауіп төнген жағдайда халықты уақытылы хабардар етуді қамтамасыз ететін болсын. Төтенше жағдай болғанда шұғыл шара қолдану қажет. Бұл мәселелердің барлығы, Асқар Ұзақбайұлы, сіздің бақылауыңызды», – деді Бақытжан Сағынтаев бірінші орынбасары Маминге қарата.
Сондай-ақ, министр су жинақтау жұмыстарын нашар жүргізген облыстарды сынға алды. Олардың қатарында біздің өңір де бар.
"Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай және Түркістан облыстары суды жинақтау жоспарын орындау бойынша жұмыстарды нашар жүргізген. Жоспардағы іс-шараларды орындау үшін барлық жұмыстар жасалуы қажет. Өмірзақ Естайұлы бақылау сізде", – деді Бақытжан Сағынтаев орынбасары әрі Ауыл шаруашылығы министрі Шөкеевке қарата.
Осы ретте Премьер-Министр суды жинақтау жоспарын орындау кезінде оның агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасымен біріктірілгендігін ескеру қажеттігін айтты.
"Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері Ауыл шаруашылығы министрлігімен және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, ағымдағы жылдың 20 ақпанына дейін жаңа су қоймаларын салу және шағын су қоймаларын жаңғыртуға техникалық-экономикалық негіздемелерді қаржыландыру мәселесін қарастыратын болсын", – деген Үкімет басшысы бұл мәселені де Шөкеевке бақылауға алуды тапсырды.