Екі газет бірікті

Арқалықта жиырма жылдан астам дербес ғұмыр кешкен, негізін белгілі қаламгер А.Байжан қалаған қалалық апталық "Торғай" газеті (әр жылдардағы бас редакторлары – А.Байжан, М.Шөкен, А.Айтмағамбетов) өзінің 1100 нөмірімен мансабын түйіндеді. Аға басылымның жолын енді ізбасары іспетті жергілікті "Арқалық хабары" газеті (бас редакторы Қ.Есмағанбетов) жалғастыратын болады.IMG_2407
– Ең алдымен, қос газеттің бірігуінен оқырмандарымыз зардап шекпейтінін айтқымыз келеді. Біз ақылдаса келе, екі редакцияны біріктіре отырып, ортақ үнпарағымыздың атауын «Арқалық хабары» деп қалдыруды жөн көрдік. Себебі, бұл – қаламызбен аттас. Алдағы уақытта екі басылымның да жазылушылары «Торғай» газетінің логотипі бар, «Арқалық хабары» газетін апта сайын бұрынғысынша алып тұратын болады. Газеттерді қосудың нәтижесінде басылымның сапасы артпаса, төмендемейтінін айтқымыз келеді. Себебі, мұнда бір емес, екі редакцияның мамандары еңбек етеді. Қос басылымды біріктіруімізге, ең алдымен, қаржылық жағдай себеп болғанын айтқымыз келеді. Газетті жарыққа шығару құнының қымбаттауынан осындай қадамға барып отырмыз. Арқалықтай шағын қаланың экономкалық жағдайына қарай, бізге бір ғана ортақ басылымды шығарған тиімді. Біз екі газетті қосу арқылы ғана қос ұжымның да мамандарын қысқартпай сақтап қала алдық.
Екі газет біріккенімен, жұмыс жасау бағытымыз бұрынғысынша сақталады. Алдағы уақытта да оқырмандарымызға тұщымды ақпарат жеткізу жолында еңбек етеміз. Қаланың бүгіні мен болашағына қатысты маңызды ақпараттарды, Арқалық аймағының апта бойында болған оқиғаларын, жаңалықтарды тілшілеріміз қос тілде көзі қарақты оқырман назарына ұсына бермек. Біз бұрынғысынша жаңалық тарату міндетімен қатар, мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыру, жарнама берушілеріміз және серіктестеріміз, ең бастысы, оқырмандарымызбен тығыз қарым-қатынаста жұмысымызды жалғастыра береміз, – дейді редакция ұжымы.
  Мұрат Жүнісұлы ,     
                                                                                        Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓