ЖАҢА ЕМЛЕНІ ТҮЗУДЕ МҰҚИЯТТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

                «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығы қабылданғаны белгілі. Ендігі жерде латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін дайындау, оларды апробациядан өткізу және т.б. с.с. жұмыстар қолға алынды. Осыған орай ғалым Ерден Қажыбек: «Латын әліпбиіне көшкенде тіл ережелері қайтадан жасалады. Ең бастысы, тіліміздің бүкіл заңдылықтарын өзінің табиғатына сай жасап шығаруымыз керек», – деген болатын.емле
Жоғарыда айтып өтілген Жарлыққа сәйкес, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі комиссия құрылып, оның жанынан орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік-техникалық және ақпараттық сүйемелдеу секілді  жұмыс топтары  жасақталып, біршама жұмыс атқарылғаны мәлім.
Қалай болған күнде де  қалың елдің талқылауынан өтіп, етек-жеңін жиған әліпби нұсқасын негізге ала отырып, жаңадан түзілетін емленің алдыңғы ережелерден озық болуының көзделетіні анық.  Тіл білгірлерінің айтуынша, әріп саны ықшам тілдің жазу емлесі де оңтайлы болмақ. Осы орайда кемеңгер тіл білгірі Ахмет Байтұрсыновтың «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Артық әріптері көп әліпби қолайсыз болады» деген сөзі ойға оралады. Иә, заманауи  әліпбиіміздегі  әріптер саны 10-ға кеміді. Демек, 32 әріпке таңылған емлені меңгеру де жеңілдейтін секілді. Бұл тұрғыда латын қарпіне байланысты шаруаның бел ортасында жүрген ғалымдардың бірі Әлімхан Жүнісбектің  кезінде: «Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады», – деген сөзінің   жаны бар секілді.
                Өткенге топырақ шаша берудің қажеті бола қоймас, неге десеңіз,  талай ұрпақ кириллица бойынша сауат ашты, іргелі білім алып, елімізге қызмет етті, бұл үрдіс әлі де біршама уақыт  жалғаса бермек. Әйтсе де, мойындауымыз керек, бүгінде қолданыстағы кейбір әріптердің тіл табиғатымен жанаспай, әлі күнге аяқтан шалып жүргені шындық. Филология ғылымының докторы Нұргелді Уәлидің айтуынша, кирилл әліпбиінің үштен бірі біздің ұлттық дыбыс қорына сәйкес келмейді. Сол себепті орфографиямыз  қос тілді болып, қазақ тілінің заңдылықтарына нұқсан келді. Ғалым: «Қазақ әліпбиінің негізгі ережелері ұлттық тілдің заңдылықтарына сәйкес болуы керек. Тәжірибеден, сыннан өткен базалық нормалар сақталуы тиіс. Дыбыстық қор әлеуеті кеңінен  қамтылады. Орфографиялық ережелер түзілгенде, осындай ұстанымдарға иек артылады», – деді. Әсіресе, кірме сөздердің жазылуына қатысты өзге тұрмақ, тіл мамандарының өздері қателесіп жүргені.  Осы таяуда ғана куә болған бір жайтқа тоқталып өтейік. Жаңадан танысқан бір оқытушымен (қазақтілді, орыстілді аудиторияда қазақ тілін жиырма жылдан астам уақыт бойы оқытып жүрген) аз-кем тілдесіп отырып, оның «педагог» деген сөзге қосымша жуан жалғанады дегенін естіп, таңғалдық. Сонда ол қазақ тілі оқулықтарында тайға таңба басқандай етіп жазылған ережені жылдар бойы мүлдем көрмегені ме?! Оқушысы нанса немесе көп білуі тиіс мұғалімнің қауқары осы болса, өзгеге қайтіп кінә тағарсың. Ал, бастаған екенбіз, сөзімізді соңына дейін жеткізейік. Ереже бойынша педагог, психолог, диалог сияқты соңғы әріптері «-ог»  болып келетін кірме сөздерге қосымша жіңішке жалғанады.Сондықтан педагогтер, педагогтің, диалогті деп айтып, жазған дұрыс. Өзге тілден енген сөздердің түрленіп (көптеліп, септеліп, тәуелденіп, жіктеліп) жазылуындағы ерекшеліктер де әлі күнге дейін бір ізге түспей-ақ қойды. Тіл маманы ретінде көзіміз бірден дұрыс жазылмаған сөзге түседі.   Мәселен, «балл» сөзін алайық. Газет беттеріндегі «…мектеп бітірушілер ҰБТ-ны, орташа есеппен, 95 баллға тапсырды» деген секілді сөйлемдегі қосымша жалғанған кірме сөз бір ғана  «л» әрпімен жазылуы тиіс. Оқулықтардағы анықтамалар бойынша, қосарлы бірдей дауыссыздарға аяқталған сөздерге (Кирилл, Донбасс секілді кісі аттарынан, жер-су атауларынан басқа) қосымша жалғанғанда, біреуі түсіріліп жазылады. Осыған ұқсас ст, сть, зд әріптеріне аяқталған сөздерді түрлендіріп жазғанда да,  соңғылары түсіп қалатыны санасына сіңіп, дағдыланғандар ғана солист, подъезд, ведомость сөздерін солисі, подъезге, ведомосқа секілді дұрыс тұлғада жазады. Үй шаруасындағы қарапайым жандарға кешіріммен қарасақта,  мұғалімдердің, оның ішінде тіл мамандарының,  лауазымды тұлғалардың, тіпті кейбір радио және тележүргізушілердің оқушылар,  көрермендер алдында «филармония солисті», «фестивальдар»,  «актерлар», «паркта», «кассирлар» деп айтуын салғырттық дейміз бе, әлде білместікке балаймыз ба?
Сол сияқты орыс тілінен енген –ов(-ев) жұрнағымен қолданылатын кісі тегіне қосымша жалғауда да қателікке ұрынып жатамыз. Айталық, кісі есімінің соңғы буынының жіңішке яки жуан болуына орай, «Әуезовтің», «Әуезовке», «Тәжібаевты», «Тәжібаевтан» деп жазамыз. Бір ғана жіңішкелік белгісіне (ь) байланысты түрлі ережені есте сақтап, тәжірибеде дұрыс қолданудың өзі оңай шаруа емес.  Қазақ тілінде бұл әріппен тек кірме сөздер қолданылатыны белгілі. Көбінесе ь (жіңішкелік белгісіне) аяқталған сөздерге қосымша жалғауда бірізділік жоқ. Сондықтан болар,  техникалық және кәсіптік білім беру саласына қатысты соңғы жылдары жиі қолданыла бастаған «дуальное обучение» деген тіркестегі шет тілдік сөзге қандай қосымша жалғарымызды білмей,   дуальды, дуалды, дуальді деп, үш түрлі нұсқада жазып жүрміз.   Сондай-ақ, кириллицадағы х әрпінен арыламыз деп,  рақмет, дастарқан (орфографиялық сөздікте) деп жазу ұсынылды, әйтсе де көпшілік бұл сөздерді Х әрпімен қолдануды қолдайды. Көз үйренген Мұхтар, Ахмет секілді кісі аттарын қ әрпімен жазбаймыз ғой.    Мұндай мысалдарды әлі де көптеп келтіруге болады, әрине. Осы айтылғандардан-ақ қазақ тілінің табиғатына жат әріптердің тілімізге біршама нұқсан келтіріп келгенін мойындаймыз. Осылайша, өзге тілдің ырқына ыңғайлана жүріп, емлеміз де еңсесін тіктей алмады. Емле дегеніміз –дұрыс жазу ережелерінің жүйесі, яғни орфография.
Ендігі тағдыршешті мәселе – жаңа әліпбимен сауатты жазуды қамтамасыз ету, ол үшін туған тілімізді орфографиялық та, орфоэпиялық та тұрғыдан жаңғыртып, тіл тазалығын, тіл мәдениетін көтеру сынды үлкен міндетті еңсеру. Солқылдақ ережелерден, ала-құла жазудан арылып, қолданысқа қолайлы, жинақы болу үшін, жасалмақшы емлемізге мейлінше мұқият қараған абзал. Осынау аса маңызды қадамның жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей бірлесе қарекет жасауды, орасан ой еңбегін жұмсауды талап ететінін басты назарда ұстау шарт. Бәсекеге қабілеттілік, функциялық сауаттылық дегендер күн тәртібінде тұрған қазіргі заманда өскелең ұрпақ тағдыры үшін жауап беретін ұстаздар қауымы, оның ішінде тіл мамандары бұл мәселені назарда ұстап, айтылған, жазылған дүниені ой елегінен өткізіп, оларға қатысты жеке пікір білдіруді парыз санағаны құба-құп. Болашақ емлеге қатысты оқушы қоюы мүмкін сұраққа, әсіресе қазақ тілі мұғалімі қисынды жауап беруі үшін, тілші ғалымдардың салиқалы пікірлерін оқып, көңілге тоқып жүргені жөн деп санаймын.  Өз басым бұрынғы жазуымызға қатысты жоғарыда аз-кем сөз болған түйткілді жайттардың қайталанбауы ескеріледі деп сенемін.
Бекітілген әліпби нұсқасын егізінде емле түзуге жауапты ғалымдарда, қарапайым халықта, әрине,  қазақ жазуының негізгі ережелері ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуына мүдделі. Бұл тұрғыда, әсіресе, кәнігі маман, тілші- ғалымдарымыздың шегелеп айтқан пікірлеріне ден қойған жөн болмақ. Мәселен, академик Өмірзақ Айтбайұлы «Бірінш ікезектегі басты талап – қазақ тілінің төлтума заңдылықтарын барынша толық қамту» десе, ғалым Әлімхан Жүнісбек «Жазу тілдің дыбыстық жүйесіне нұқсан келтірмейтін, керісінше, оның әдеби үлгісінің қорғанышы болуы керек. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады» деген пікірімен дыбыстау мен таңбалау арасындағы үйлесімнің жазуға оң әсер ететінін пайымдайды. Аталмыш ғалымның айтуынша, латын әліпбиіне қазіргі кирилл орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Ал, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, қазақ емлесінің білгірі Рәбиға Сыздықова «Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескерілетін жайттар» атты көлемді материалында: «Емле ережелерін жасауда бұған дейінгі қолданылып келген жазу ережелерінің негізі сақталады. Алайда латын жазуына көшкен жағдайда әлі де көңіл бөлетін тұстар бар» деп, латын қарпімен жазуда ескерілуі тиіс жайттарды тізбелеп көрсетіп, қалай жазылуы тиістігін дәйектеп, анықтап береді.  
Иә, бүгінде қазақ емлесі қоғамда талқыланып, келелі ойлар мен азды-көпті ұсыныстар, арасында кереғар пікірлер де бар,  мерзімді басылым беттерінде жарық көріп жатқанын көзі қарақты оқырман біледі. Тіліміздің тазалығын сақтаумен қатар,  оны ғылым тіліне айналдыру үшін терминдерді дұрыс қолдану мәселесі де пысықталды. Мәселен, процент, гимн, баланс және өзге де бірқатар сөз пайыз, әнұран, теңгерім делінбей, бұрынғыша қолданылатын болып шешілді.
Емле ережелерінің жобасына сараптама жасау үшін, республикамыздың бірқатар қалаларында апробациялық жұмыстар жүргізілді, ғылыми және практикалық сараптаулардан өткізілді. Талқылау нәтижелері мұқият ескеріліп, екшеліп, кейін қазақ емлесінің ережелері мақұлданатыны белгілі. Халықтың жаңа әліпбидегі сауаттылығын қамтамасыз етуүшін, емле ережелері пысықталып болған соң, қазақ тілінің жаңа орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктері әзірленетінінен де хабардармыз. Иә, жаңа емлені түзу бұл тұрғыдағы жұмыстың жүйелі, мұқият жүргізілуін талап етеді. «Тас түскен жерінде ауыр» демекші, келешегіміз үшін осынау аса маңызды, сындарлы істің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлеріне, оның ішінде Орфографиялық топ мүшелеріне жүктелуі тегін емес. Былайғы қауым да қарап отырған жоқ. Айталық, мерзімді басылым атаулары, ондағы белгілі бір шамадағы материалдар, теледидар  хабарларының тақырыптары, мекеме атаулары және т.б. латын қарпімен берілуде. Сөйтіп, латын жазуына көз үйрету, оқуға тіл сындыру сынды бастапқы амалдар қолданысқа еніп те кетті. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны секілді, қоғамдық сананың жаңғыруына, «қазақстандықтардың санасы да мобильді болу керек» деп тарихшы ғалым Еркін Әбіл айтқандай,  тілдің жаңғыруы да зор ықпал етеді деп сенеміз. Ал, ел тағдыры саналатын тіл тағдырына үлкен жауапкершілікпен қараудың елдігімізге, келешегімізге  сын екенін сезіну – әр қазақстандыққа тән болуы тиіс қадірлі қасиет.
                                                                                                                                                                П.Сүйінкина,
                                                                                                  ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓