Жаңа жыл алдындағы қарбалас немесе базардың бір күні
Қостанай қаласында бірнеше ірі және көптеген кішігірім базар бар. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шаһардағы ірі әрі көпшілікке танымал орталық базарға барып, саудагерлерді әңгімеге тарттық.
Бағзы замандарда шығыс базары қазіргі ірі сауда, ақша айырбастау, әңгіме-дүкен, ақпараттық-агенттік және қарапайым ойын-сауық орталықтарының қызметтерін атқарған. Қазіргі заманда бұл міндеттер арнайы орындарға жүктелгенімен, шығыста базардың мәні әлі де жоғары.
Мереке алдында Қостанай базарлары өзінің әдеттегі көлемінен бірнеше мәрте ұлғайып, көше бойы созылып кеткен екен. Саудагерлер жаңа жылға сыйлықтар, мерекелік дастарханға арналған азық-түлік, жеміс-жидектермен сөрелерін толтырып тастаған.
Бәсекелестікті қорғау департаментінің жергілікті баспасөзге таратқан хабарламасында "Өңірдің сауда кәсіпорындарының барлығын да Жаңа жыл мерекесі қарсаңында баға өсіміне жол бермеу жөнінде түсініктеме жұмыстары жүргізіледі. Департамен өткізген азық-түлік бағасының мониторингі жөніндегі отырысының қорытындысы бойынша, қазір жергілікті әкімдіктерге осындай тапсырма берілді" делінген.
Алайда, біздің сұрақтарымызға жауап берген саудагерлердің басым бөлігі бағаның мереке қарсаңында көтерілгенін атап өтті. Олардың бірі Сәуле есімді саудагер. Оның жеміс-жидектерді сатумен айналысқанына бес жыл болған.
– Жеміс-жидек 20 пайызға қымбаттады. Көбінесе мерекелік дастарханға ананас, апельсин, мандарин алады. Алайда, бағаны біз қоймаймыз, қоймадағы бағаға бағыныштымыз, – дейді ол.
Келесі сұхбаттасымыз Ақбота есімді саудагер. Ол 2014 жылы бірталай қиыншылықтарды өз басынан өткізгенін айтып, келе жатқан Жаңа жылға үміт артып отыр-ғаны туралы баяндады.
Сергей есімді азамат болса жаңа жылдық шыршаға арналған түрлі әшекей бұйымдары мен отшашуларды сатады. Саудамен айналысқанына үш жыл. Өз айтуынша, әдетте ол базарға тек Жаңа жыл мерекесі жақындағанда ғана шығады екен.
Ал, орталық базарда тұрмыстық тауарларды сататын Бақыт 2014 жыл тыныш, ешбір елеулі оқиғаларсыз өтті дейді. Оның негізгі мамандығы құрылысшы екен, алайда қазір саудамен де айналысады.
Тауар қымбаттаған жоқ. Сауданың жүрмегеніне халықтың ақшасы жоқ екені кінәлі. Біздің тауар көбіне Ресей мен Қытайдан келеді, – деді ол.
Міне, демалыс күндері облыс орталығындағы базарды аралап, көңілге түйгеніміз осы болды. Бір байқағанымыз сатуда тұрғын кез-келген тауарға баға қосылыпты. Әсіресе азық-түлік пен тәтті өнімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан, бағасы да аспандап тұр. Жаңа жылды отбасында айрықша атап өтуді көздеген тұрғындар қандай баға болса да сатып алып жатыр. Ал, саудагерлер үшін бұл кез жыл он екі ай асыға күтетін сәт секілді.
Мешіт Ғазиз
Суретті түсірген
Бағдат Ахметбеков.