Шекара аймақта шешілер жұмыс көп
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Қарабалық ауданына барды. Алдымен «Қайрақ» шекаралық бақылау жұмысымен танысты. Мұнда тәулігіне 7 мың адам және 3 мың көлік құралына дейін өткізу қуаты бар. Қазіргі пандемияға байланысты өткізу жүйесіне жүктеме азайған. Яғни, адам мен көліктерді шекарадан кіргізіп-шығару қуаты тәулігіне 1500-ге дейін төмендеді. Бекетте барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталған.
Облыс әкімі одан әрі Қарабалық кентінде 320 орындық мемлекеттік тілде оқытатын мектеп құрылысының барысымен танысты. Қазіргі уақытта топырақты шығару және құрылыс материалдарын әкелу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектепті келесі жылдың шілдесінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан әрі «Poultry-Agro» ЖШС құс фабрикасының сою цехында болды. Кәсіпорында 260 адам еңбек етеді. Сонымен қатар, Гурьяновское ауылындағы «Poultry-Agro» ЖШС құс фабрикасының жұмысымен танысты. Бүгінгі күні мұнда ғимараттарды, құрылыстарды жөндеу, технологиялық жабдықтарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
«Естеріңізге сала кетейін, құс фабрикасында жылына 12,5 мың тонна бройлер етін өндіру қуаттылығы жылына 20 мың тоннаға дейін біртіндеп арттырыла отырып, жаңғырту жүргізілуде. Сапар қорытындысы бойынша Қарабалық ауданының әкімі Р.Халықовқа ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырдым», – деді өңір басшысы.