Еңбек заңнамасы инспекция бақылауында
16 наурыз мен 15 сәуір аралығында ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ержан Тоқтағұлов еңбек тәртібіне қатысты бірқатар мәселе жөнінде баяндама жасады. Бұл «Короновирустық инфекцияның алдын алу бойынша шаралар жүргізу кезіндегі еңбек қызметінің ерекшеліктері» тақырыбында өткізілген брифинг екенін айта кету керек.
Басқарма басшысы жекелеген ұйымдардың жұмысы шектеледі, ал жекелеген жағдайларда тыйым салынады деді. Осыған байланысты, жұмыс істейтін азаматтардың жұмыс режимі сөзсіз өзгеретін болады. Бұл жерде жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің алдында әлеуметтік жауапкершілік танытып, еңбек заңнамасының қатаң сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
«Біріншіден, меншік нысанына қарамастан мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар, мемлекеттік, жекеменшік кәсіпорындар қашықтықтан жұмыс режиміне көшуі мүмкін. Қашықтықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс тәртібі, жұмыс уақытын есепке алу Еңбек кодексінің 138-бабында айқындалады.
Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс берушінің актісімен реттелуге тиіс және жалақысы толық көлемде төленуі тиіс.
Екінші, қашықтықтан жұмыс қолдану мүмкін болмаған жағдайда, және, егер төтенше жағдайдың талаптары жұмыс көлемінің төмендеуіне алып келсе, онда жұмыс беруші-Еңбек кодексінің 70-бабының талаптарына сәйкес толық емес жұмыс уақыты режимін енгізуге құқылы. Бұл дегеніміз, жұмыс беруші өзінің актісімен қысқартылған жұмыс аптасына немесе қысқартылған жұмыс күнін енгізуі мүмкін.
Бұл ретте, қызметкерлерге нақты жұмыс істеген уақыт үшін жалақы төленуі керек.
Егер жұмыс беруші бес күндік жұмыс аптасынан үш күндікке қысқартса, онда жалақы аптадағы үш күнге төленуі тиіс.
Егер күніне сегіз сағаттан төрт сағатқа дейін қысқарса, онда төлем тиісінше жұмыс істеген уақыттың төрт сағаты үшін жүргізіледі.
Үшіншіден, егер жұмыс уақытының толық емес режимін белгілеу мүмкін болмаса , онда мұнда Еңбек кодексінің 112- бабын басшылыққа алу керек және бұл бос тұрып қалу ретінде қарастырылады.
Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне елде белгіленген ең төменгі жалақыдан кем емес мөлшерде жалақы төлеуге міндетті.
Бүгінгі күні ел бойынша ең төменгі жалақы 42,5 мың теңгені құрайды.
Мәжбүрлі бос тұрып қалу кезінде, қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу еңбек шартында немесе ұжымдық шартта көрсетілген мөлшерде жүргізіледі, бірақ ең төменгі жалақыдан кем емес мөлшердетөленеді.
Және ең соңғы шара – жұмыс беруші штаттарды қысқартуға бару шаралары.
Бұл жағдайда, жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту туралы заң бойынша бір ай мерзім ішінде бұл туралы қызметкерге ескертуге және қызметкердің орташа айлық жалақысы мөлшерінде өтемақы төлеу тиіс.
Сондай-ақ, заңды әлеуметтік сақтандыруға сәйкес, егер жұмыс істейтін адам жұмыссыз болса, онда ол жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан, алты ай ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыстан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Бұл ретте, әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыстан айырылуға дейінгі жалақының шамамен 40%-ын құрайтын болады.
Бұл үшін қызметкерге жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу жеткілікті.
Өз тарапынан, мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстың уәкілетті органдарымен бірлесе отырып, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауына және қызметкерлердің жұмыстан босатылуы мүмкіндігі үшін кәсіпорындардағы істердің жағдайына күнделікті мониторинг жүргізетін болады» – делінген баяндамада.
Е.Тоқтағұлов жұмыс берушілер еңбек заңнамасын бұзған жағдайда, қызметкерлер еңбек инспекциясына қашықтықтан, яғни, электронды үкімет порталы арқылы немесе ресми сайтта көрсетілген телефондар бойынша жүгінуге құқылы екендігін жеткізді. Қазіргі таңда басқарманың Инстагрмм желісінде парақшасы бар.