«Tobyl Arena» тартысқа дайын
Қостанайда Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиналысы өтті. Кәсіби мамандардың жиыны футболдан Қазақстанның Премьер-лига клубтары чемпионаты күнтізбесінің 1-ші және 2-ші айналымдарының жеребесінен басталды. Алғашқы айналымда кездесетін командалардың тізімі мынадай: «Қайсар» – «Атырау», «Тобыл» – «Ертіс», «Қайрат» – «Тараз», «Ордабасы» – «Шахтер», «Астана» – «Ақтөбе», «Жетісу – Оқжетпес». Ойындар 9-10 наурыз күндері өтеді.
Әрі қарай делегаттар Бірінші және Екінші лиганың күнтізбесіне қатысты сұрақтарды талқылап, ұйымның құрамына жаңа мүшелерді қабылдауды қарастырды. Сонымен, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының құрамына Астана қаласынан «СДЮСШОР №8» және Түркістан облысынан «Арыс» футбол клубы алынды.
– Қостанайда бірінші рет ел чемпионатының жеребесі тартылды. Осы айтулы оқиғамен құттықтаймын. Облыс басшысы Архимед Бегежанұлы спорт инфрақұрылымын дамытуға, футболды кеңінен насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға көп көңіл бөледі. Оның қолдауымен «Tobyl Arena» манежі ашылды. Спорттық нысан елімізде Лига жарыстарын қабылдай алатын алғашқы манеж. Алдағы уақытта «Tobyl Arena» тартысты кездесулерді қабылдауға дайын», – деп атап өтті Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының Президенті Олжас Абраев.
Шара соңында Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мен «Тобыл» командасы арасында жолдастық матч өтті. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің өзі алаңға шыққанын айта кетейік.
«Tobyl Arena» манежінің ресми ашылуы премьер-лиганың 1-туры аясында «Тобыл» мен «Ертіс» командалары арасындағы ойын күні өтеді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев