ҰЛТ САУЛЫҒЫ ҮШІН
Бізбен бірге салауаттылықты сәнге айналдырыз! "Қостанай таңы" газеті мен Қазақстанның жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру федерациясы облыс тұрғындарын дене белсенділігіне ден қоюға шақырады. Өзара жасалған келісімшарттың көздеп отырғаны – жаяу жүруді жаппай насихаттау, оның жалпыұлттық қозғалысқа айналуына ықпал ету.
Қазіргі заманда адамның қимыл-қозғалыс белсенділігі азайды. Салдарынан жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті, простатит, бүйрек және бауыр қабынуы секілді дерттер көбейіп, жасарып, қаншама тағдыр беймезгіл қиылуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, мұндай қорқынышты деректер жылдан-жылға ұлғая бермек. Ал оның алдын алу – медицинаның ғана міндеті емес, әр азаматтың өз қолында.
Салауатты болудың ең оңай жолы, ең қолжетімді де тиімді әдісі – таза ауада жаяу жүру. Мұны әлемнің ғұлама ғалымдары дәлелдеп отыр. Жапон оқымыстыларының пікірінше, әр күн сайын тәулігіне 10 мың қадам (6-7 шақырымдай) жаяу жүрген адамның дені сау, жоғарыда аталған аурулардан ада болады. Американың Онкологтар Қауымдастығы да қатерлі ісіктің алдын алудың тиімді жолы ретінде жаяу жүруді ұсынады. Мұндай материалдарды ғаламтордан табу қиын емес.
Бір өкініштісі, бұл салауаттылық салтын ұстануға қазақстандықтар ден қоя бермейді. Жасыратыны жоқ, жаяу жүруге ерінетіндер көбейді. Таяқ тастам жерге көлікпен барғанды дұрыс көреді. Көпшілігі жаяу жүрудің зор пайда екенін, аурулардың алдын алатынын білмейді. Білетіндердің мойны жар бермейді. Оған қоса, мотвация (соған ықпал ету) тағы жоқ. Мінекей, осының бәрі халық арасында үгіт-насихат жүргізу керектігін көрсетіп отыр.
Редакциямызбен өзара әріптестік меморандум жасасқан Федерацияның көздейтіні – жаяу жүруді насихаттау, оны жалпыұлттық қозғалысқа айналдыру. Сондықтан бұл бастаманың жүзеге асуы үшін қалың бұқараны қатарға қосып, ерікті азаматтармен жұмыс істеу міндет.
Келісімшарт бойынша, "Қостанай таңы" газеті тиімділігі көп жобаларды іске асыруға ықтияр танытып отыр. Мәселен, жаяу жүрудің пайдасы туралы ақпараттарды жиі жариялау көзделеді. Оның сыртында, алдағы уақытта, мұндай материалдар байқауын ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Сыйлық қорын тағайындауды Федерация міндетіне алмақ. Әріптес тарап ұсынатын жобалар аз емес.
Бұл жасалған ынтымақтастық, жүзеге аспақ жобалар ұлт саулығына қызмет етеді деп үміттенеміз!
Сурет архивтен алынды