Ақ Жайық. Ақ Шағала. Ақұштап
Дәл осындай атаумен «Мирас» қалалық мәдениет сарайында Алаштың ақын қызы Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық концерті өтті. Алдымен қала тұрғындары мен қонақтары «Өмір – керуен, өлең-өзен» тақырыбындағы ақынға арналған кітап көрмесін тамашалады.
Жүрекжарды жырларымен жалпақ жұртқа жақын, Жайықпен жаны үндес қалам иесімен кездесу кешіне облысымыздың игі жақсыларынан бастап, алыс аудандардан ат арытып келгендер де болды. Батыс өңірінің өнерпаздары ұйымдастырған шара «Қазақ биімен» басталды. Ал, басты кейіпкер Ақұштап апа сахна төріне шығып, көпшілікке Батыс Қазақстан халқының ыстық сәлемін жеткізді.
– Қазақтың қыздарына өмір сүру қандай ауыр болса, өлең жазу одан да қиын екенін айта кеткім келеді. Көзіміз көргелі, мақтан тұтқан Қостанайдың қыраны Мәриам апама (Мәриам Хакімжанова – ред.) еліктеп, алғаш өлеңімді сол кісіге арнап жазған екенмін. Міне, қарт Қостанай – Мәриам апамыз секілді талай тарланды түлеткен мекен. Сондай-ақ, қазақ әліпбиінің атасы Ахмет, ұлт ұстазы Ыбырай, тақтақ ақын Нұржан, шебер Шоқанның, сыршыл Сырбайдың, ғибратты өлеңдердің иесі Ғафудың туған еліне ат басын тіреп отырған жағдайымыз бар. Осы қасиетті өңірге өнерімізді алып келгенімізге қуаныштымыз.
Батыс пен Солтүстік аймақтарының мәдениетінде ел тарихынан ойып тұрып орын алатын алтын қазыналар жетерлік. Солардың бірі – поэзия. Тағы қосып айтарым, бүгінгі қазақ әдебиетіне өлең жібін иіп келе жатқан нәзік жанды аруларымыз көбейіп келеді. Мәриам мен Фаризаның ізін жалғап жүрген қыздарға ризамын, – деген Ақ Шағала ақын:
Бізден басқа ырғақта ән айтасыңдар,
Басқаша әуен аспабын тартасыңдар.
Біздер тамақ пісірген қазандарды,
Тамашалап музейден қайтасыңдар, – деп қазақ қыздарының тәрбиесі жайлы кеңінен толғанды.
«Мирас» сахнасында ән мен жыр, әсем би, әсерлі қойылымдар алма-кезек келіп отырғанда, өнердің өміршеңдігі айқын байқалып тұрды. Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған Р.Мәдреевтің «Ғашықпысың, шағала», И.Жақановтың «Оралдың ерке самалы», Ш.Қалдаяқовтың «Жіберілген хат» және тағы басқа әндер бірінен кейін бірі әуелеп жатты.
Қостанайдың абыз ақсақалы Жолбарыс Баязид Ақұштап қарындасына сәттілік тілеп, өзінің кітабын сыйға тартты.
Белгілі ақындар Ғ.Ахметчин, А.Шаяхмет, Ә.Орманшина, Ғ.Бердалинова құттықтау сөз сөйлеп, ақынға әкелген сыйлықтарын табыс етті.
Театр жастары ақын өлеңдерін анық, мәнерлі, өлеңнің өресіне сай қылып оқыды. Мәселен, 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісінен» кейін Жазушылар Одағының мінбесінде патриот жастарды қолдаған Жұбан ақынның портретін Ақұштап апамыз керемет суреттейді.
«Жұбан – Бөрі, қалғаны – қояндардай… Ұйқысынан бар қазақ оянғандай!» деп аяқтаған өлеңі залға жиылған көрермендердің жүрегіне жетті десек, артық айтқандық емес.
Өнер кеші «Ақұштабы Алаштың» әнімен аяқталды. Ұлт мақтанышымен кездесу концертінен жұрт рухани азық тапты. Поэзияның парқы бағаланған күн болды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ