ӨНДІРІСТЕ ӨСІМ БАР

Қостанай қаласы әкімінің жылдық есебі
 
Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов облыс орталығындағы өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді айтып, осы жылдың даму бағытын баяндап берді.
IMG_3521
Өндіріс өнімі ұлғайды
Қостанай қаласында экономиканың дамуында, әлеуметтік жағдайдың жақсаруында да, жалпы барлық салада алға жылжу бар. Жаңадан тағайындалған Қайрат Жұмашұлы алдымен өнеркәсіп кәсіпорындарының көрсеткішін тілге тиек етті.  Қостанай облысының жалпы өндірістік процесіндегі қаланың үлесі едәуір ұлғайған. Сандарды сөйлетсек, өнеркәсіпте – 34%, негізгі капиталға инвестиция – 29%, бөлшек сауда – 62 %, құрылыста (тұрғын үйді іске қосу) – 72%-ға теңескен.
– 2018 жылы қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 298 млрд теңгенің өнімін өндірді  Өндірістің нақты көлем индексі 105%-ды құрады. Қалада 12 мың бірлік автокөлік шығарылды, бұл өткен жылдың деңгейінен 2 есе артық. Сонымен қатар 240 дана астық жинайтын комбайн, 169 мың тонна арматура илегі, 895 мың тонна ұн, 72 мың тонна сүт және кілегей, 52 мың тонна кондитерлік өнімдер шығардық. Қала бюджетіне 29,7 млрд теңге түсті, жоспар 1,9 млрд теңгеге артық орындалды. Қалалық бюджеттің шығыстары 53 млрд теңге болды. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 71,7 млрд теңгеге бағаланды, – деді Қайрат Ахметов.
IMG_3481
Индустриялық аймақ – даму тетігі
2018 жылы Кәсіпкерлікті қолдау картасы және «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде жалпы құны 11 млрд теңге болатын 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Индустриялық аймақта бірыңғай инженерлік желілерді пайдаланатын кәсіпорындар шоғырландырылады, бұл оларға инфрақұрылымдық шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Былтыр мұнда «Композит Групп» Холдингінің МТЗ маркалы тракторлар мен тоңазытқыш жүйелеріне арналған жабдықтарды құрастыру өндірісі жобасы жүзеге асырылды. Оның құны – 2,3 млрдтеңге. Нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Жоба қазан айында іске қосылды. Жалпы, былтыр 420 млн теңгеден астам сомаға 60 трактор шығарылды. Қазіргі уақытта индустриялық аймақта 222 млрд теңге сомасына өнеркәсіптік өнім өндіру бойынша 10 инвестициялық жоба пысықталуда.
IMG_3476
Адами капитал
Облыс орталығында 47 ірі, 110 орта, 5 мыңнан астам шағын кәсіпорын жұмыс істейді. 2018 жылдың басынан жаңадан ашылған 298 кәсіпорын есепке алынды, 552 жаңа жұмыс орны ашылды. Ірі және орта бизнес кәсіпорындары қызметкерлерінің жалпы саны – 52 мың адам. Қазіргі уақытта Қостанай қаласы әкімдігінде тұрғын үйге мұқтаж 11 мың 839 адам тіркелген, оның ішінде: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 2021, халықтың әлеуметтік осал топтары – 3 700, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер – 5984.
– 2018 жылы «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына 1300 адам қатысты. Жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысатын тұрғындарға жәрдемдесу мақсатында 13 бос жұмыс орны жәрмеңкелері өткізілді. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша белсенді жұмыспен қамту шараларына 5000 адам тартылды. Өткен жылы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік төлемдерге 215 млн теңге бағытталды. «Әуежай» шағын ауданында 1200 орындық орта мектеп құрылысы басталғанын айта кету қажет. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат алдық, – деді Қайрат Жұмашұлы.
Қостанай қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 11771 бала бар. Дегенмен, мектепке дейінгі ұйымдарда орын жетіспеушілігі байқалады, қазіргі уақытта 8 958 бала кезекте тұр.
IMG_3475
«Көркейе бер, Қостанай!»
Былтыр қалаішілік жолдарды жөндеуге 6 млрд теңге бөлінді, ұзын-саны 40,6 шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 44 қала көшесі бар. Тағы 6 көшеге орташа жөндеу жасалды. Бұл мақсатта 719 млн теңге бағытталды.
– 2018 жылы аулаларды абаттандыру аясында 69 аула жабдықталды. 15 көпфункционалды алаң, 21 ойын алаңдары, 35 аула жабдықтары орнатылды. Биыл бұл жұмыстар қайта жалғасады. Қаланың 20 көшесіне жарықтандыру жұмыстарын жүргіземіз. 2019 жылы автожолдарды жөндеуге 3,2 млрд теңге қарастырып отырмыз, – деп түсіндірді қала әкімі.
2018 жылы аталған бағдарлама шеңберінде 9 қабатты тұрғын үйдің қасбеттерін жобалау үшін 2 миллион теңге жұмсалды. Атап айтқанда, үйлердің қабырғаларына граффити стиліндегі суреттер салынды. 7,1 миллион теңге қалалық техникалық шығармашылық мектебінің аумағына тасжол төсеуге кетсе, Жастар сарайының құрылысы әлі жалғасуда.
IMG_3547
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 15 ҮЕҰ және бастамашыл топтар қатысты. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырма аясында үкіметтік емес ұйымдар 5 әлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асырды. Қостанай қаласының 7 үміткері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының республикалық турына жолдама алды, – деді Қайрат Жұмашұлы өз баяндамасында.
IMG_3463
 Кездесуде қала тұрғындары әкімге түрлі мәселелерді көтерді. Ауыз су, жолдар, қала ішіндегі көлік бағыттары, саябақтар, жер телімі,  ауру балаларды сауықтыру орталығы және жетім балалар баспанасы, көшедегі ағаштардың кесілуі,  «Қостанай-Су» компаниясының тұрғындармен жұмысы туралы көптеген сұрақтар қойды. Қала әкімі Қайрат Ахметов сауалдардың барлығына жауап берді,  көтерген мәселесіне орай тұрғындарды қабылдауға, оларға көмек беруге дайын екендігін, өткір мәселелердің шешімін қарастыратынын айтты.
Қала әкімінің қорытынды есебіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, тұрғындар көтерген кейбір мәселелерге өз пікірін де білдірді. Аймақ басшысы қала әкімінің есебін қорытындылады. Ол Қостанай қаласында көптеген істің атқарылғандығын, тұрғындар көтерген мәселелердің дұрыс шешімін қарастыру керектігін айтты.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓