Тапсырма түгел өңірге ортақ
Барлық өңір Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді іске асыру үшін жұмысты жандандыруы қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңірлер бөлінісінде 9 айдың қорытындысына сәйкес 5 негізгі көрсеткіш бойынша жеті өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті. Бұл – Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы. Жеті өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң серпін байқалады. Бұл – Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бұрынғыдай артта қалған өңірлердің қатарында. Бұл негізінен мұнай-газ секторындағы өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты. Сонымен қатар, осы облыстардың әкімдері жағдайды жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет», – деді Үкімет басшысы.
Осы ретте Асқар Мамин барлық өңір Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттерді тиімді іске асыру үшін жұмысты жандандыруы қажеттігін баса айтты.
«Жалпы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан, Қазақстан экономикасында көрсеткіштердің біртіндеп өскені байқалады. Бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты жыл соңына дейін бекітілген жоспарға 100 пайыз қол жеткізу керек. Қазіргідей жағдайда бюджет қаражатын игеру бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары жылдың соңына дейін тиімді игеруді қамтамасыз етуі тиіс. Жыл соңына дейін 3 ай ғана қалды. Сондықтан барлық жобаларды аяқтап, жоспарларды орындауға бүкіл күш-жігерімізді салуымыз қажет. Әлихан Асханұлы, бақылауға алыңыз», – деді Премьер-Министр бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа қарата.