Қоржында – әлем чемпионатының жүлдесі
Қостанайлықтар кикбоксингтен өткен әлем чемпионатынан оралды. WAKO World Championship – әлемнің әр қиырынан кілең мықтыларды жинайтын байрақты бәсеке. Ирландия астанасы – Дублинде өткен турнирден жерлестер құр қол қайтқан жоқ. Ел намысын қорғаған Сапар Тұманов75 келі салмақта әлем чемпионатының қола медалін қанжығаға байлады.
– Сапардың қайсарлығына тәнті болатынмын. Ирландияда бағындырған белесін естігенде, қуанышым қойныма сыймады. Ол өте епті жігіт, физикалық дайындығы мығым. Әлем кубогінің иесі деген атанған. Былғары қолғап шеберінің осы жетістігіне «бестік» қояр едім, — дейді "Сұлтан" кәсіпқой спортклубының директоры Дәмір Қалқаев.
Турнир жүлдегерінің жаттықтырушысы Әскер Макубаев финалдық кезеңде шәкіртінің жарақат алып қалғандығын айтты.– Рас, алғашқы кездесуде Сапарға «аузын айға білеген» тунистік Хадиа Хамди тап болды. Ол – өз елінің бес дүркін чемпионы және 2013 жылы өткен әлем чемпионатының жүлдегері, аса тәжірибелі спортшы. Айқас алаңында бәрі бірдей. Сапар да қарсыласының атағынан сескенген жоқ. Керісінше, Ирландиядан алтын медалін «көздеген» Хадиа Хамди еліне ертерек қайтты, – деді Әскер Макубаев.