Мемориалдық тақта ашылды
Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі журналист Сейіт Әбдібеков тұрған Павлов көшесіндегі №68 үйдің сыртына мемориалдық тақта орнатылды. Қаламгер бұл үйде 1968-1977 жылдар аралығында тұрған.
Салтанатты шараға ардагердің туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мемориалдық тақтаны ашу құрметі облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Есжанов пен Социалистік Еңбек Ері Вера Сидороваға берілді.
–Сейіт ағай соғыста жүріп, сол жерде оқу бітіріп, лейтенант, офицер болған. Әскери салада ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған. 1948 жылы қазіргі «Қостанай таңы» газетіне хатшы болып орналасып, кейіннен сол газеттің редакторлық қызметіне дейін көтеріліп, біраз жылдар еңбек еткен. Ол өзінің қарапайым, кішіпейілдік қасиеттерімен ерекшеленіп тұратын еді, – дейді көрнекті ақын, ғалым Серікбай Оспанов.
Ескерткіш тақтаны орнатуға жергілікті билік өкілдері бастамашы болыпты.
–Сейіт Әбдібеков – қан майданда жан аямай шайқасқан жауынгерлердің бірі. Кейін қалтқысыз қызметі үшін «Еңбек үздігі» медалімен марапатталған. 1956-1963 жылдар аралығында облыстық газетке басшылық еткен. Хрущевтың заманында солтүстік өңірлердегі газеттер жабылып, Тың өлкесі құрылғаннан кейін облыстық атқару комитетінде хатшылық қызмет атқарды, – деп естелік айтты Қазақстан Жазушылар одағының ҚОФ директоры Ғұмар Ахметчин.
Әсел Қибаш