Ауқымды істерге толы

Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев аудан әкімдерінің жылдық есебін тыңдау үшін Меңдіқара және Ұзанкөл аудандарына сапарлап қайтты. Ол алдымен Меңдіқара ауданының орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға барып, олардың жұмысымен танысты.  Ауданда кісіге көрсететін кәделі орындар көп. Соңғы жылдары олардың қатары артып келеді. Мәселен, аудан орталығындағы өнер мектебінде жетіген класы ашылыпты.:Үйірме жетекшісі Әсем Ысқақованың айтуынша, таңсық аспапты үйренем деушілердің қатары қалың. Өнерлі жастар аз уақыттың ішінде жетігенді жап-жақсы меңгеріп алыпты. Тіпті, бірі мәртебелі меймандардың алдында ұлттық аспапта ойнап та берді.
IMG_2391
Айтпақшы, осы өнер мектебінің ішінен өткен жылы мүзей ашылыпты. Онда Меңдіқара өңірінен шыққан белгілі адамдар, соғыс ардагедерлері мен ауған соғысында қаза болған жауынгер туралы деректер, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөнебаеваға арналған арнайы бұрыш, сирек кездесетін жәдігерлер – халқымыздың ертеде тұрмыста қолданған бұйымдары, ұлттық киімдер, көнеден қалған ыдыстар, ат әбзелдері т.б заттар қойылған. Музейді ашуда «Қарқын» ЖШС директоры Еркін Боқанов демеушілік танытөанын айта кеткен жөн.
Облыс әкімінің орынбасары сапар шеңберінде Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясына да кіріп шықты. Ашылғанына ширек ғасыр өткен білім ошағында бүгінде үш жүзден астам оқушы сапалы білім алады. Сапалы деп айрықша айтуымыздың сыры да жоқ емес, мектеп-гимназия оқушылары республикалық пәнаралық олимпиадалардан кілең жүлдемен оралып жүр. Білім ошағында өткен жылы шағын орталық ашылған. Оған қазір жиырма шақты бөбек келеді. Балалар мұнда күні бойы ойын ойнап, әліппе жаттаумен қатар еңбеккке ед араласады. Мәселен, шағын орталық дәлізінде балалар өз қолымен мыңға шарта шырайгүл еккен. Келешекте мектеп жанынан жылыжай ашқылары келеді. Бұған танымал кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Боқанов көмектесетінін айтты.
IMG_2269
Ауданда «Жастар ресурс орталығы қарқынды түрде жұмыс істеп тұр. Соңғы кезде аудан жастары орталықта жиі бас қосып, өздерінің тың жобаларын ұсынуға мүмкіндік алған. Облыс әкімінің орынбасары осы жерде ауданнның белсенді жастарымен кездесті. Бұдан кейінгі әңгіме аудан әкімі Ерлан Теменовтің жылдық есебі үстінде жалғасты. Алдымен өңір басшысы жыл қорытындысына арналған баяндама жасады. Онда ауданда жыл он екі ішінде атқарылған істер көрініс тапқан. Айтса, айтқандай, өңірде жетістік көп. Қай сала болсын ілгерілеу басым.
Меңдіқара ауданы – облыстағы агроөнеркәсіпті өңірлердің бірі. Яғни, аудан экономикасының 68%-і осы салаға тиесілі. Есепті кезеңде өңірде 36,9 млрд теңгенің өнімдері өндірілген. Ал  ауылшаруашылық өнімдерінің жан басына шаққандағы үлесі 105,4%-ке тең. Бір сөзбен айтқанда, өткен жыл меңдіқаралықтар үшін табысты жыл болды.
Аудан диқандары өткен жылы бітік егін өсірді. Гектарына 15,5 центнерден өнім алған шаруалар барлығы 300 мың тонна сапалы астықты шашпай-төкпей қамбаға құйып алды. Мұның сыртында 42,8 мың тонна майлы дақыл өнімдері мен 4,4 мың тонна картоп жинап алған.
Бұрнағы жылдарға қарағанда мал шаруашылығында да едәуір өсім байқалады. Оған әрине, мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған септігі көп. Мәселен, аудан фермерлері «Сыбаға» бағдарламаасы арқылы 170 қара мал, 300 қой  сатып алды. Меже 147%-ке орындалған.  Өңір ет экспортының әлеуетін арттыру үшін асылтұқымды мал басын көбейтуге мүдделі. Мәселен, сыртқа ет  және ет өнімдерін сату мақсатында 1257 өгіз семіртіп жатары.
Аудан әкімінің айтуынша, мемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде ауылшаруашылық жерлері 100% цифрландырылған. Жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері GPS-  мониторинг жүйесін енгізіп жатыр. Бұл мақсатқа 100 млн теңге бөлінген. Ауылшаруашылығын цифрландыруда Агрофирма «Қарқын», «Азат және Д», «Раскуль», «Каменскуральск», «Карасор Group» ЖШС-тері белсенділік танытып отыр.
Ауданға инвестиция тарту мәселесі де алға озған. Мәселен, есепті кезеңде өңірге тартылған қаржы 2,9 млрд теңгеден асады.  Соның арқасында ауданда кәсіпкерлік саласы жандана түскен. Мұнда ағаш өңдейтін, бетон құятын цех, кірпіш зауыты сияқты құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар қарқынды жұмыс істеп тұр. Мұның тұрғын үй салуға көмегі көп. Мамандар материал іздеп алысқа бармайды. Бәрі жаныңда, бағасы арзан. Былтыр ауданда 1290 кв. метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл бұрнағы жылға қарағанда 2,5 есеге көп. Ерлан Теменов құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылы да қарқынды түрде жүзеге асатындығын айтты. Ауданда баспанаға мұқтаж жандар аз емес. Өйткені, жылдан жылға тұрғындардың қатары қалыңдай түскен. Өткен жылы өңірге Жамбыл, Қызлорда, Түркістан облыстарынан отызға тарта адам көшіп келді. Үстіміздегі жылы олардың қатары тағы 47 адаммен толықпақ. Қоныс аударушылардың барлығы тұрақты жұмыспен қамтылып, үй-жайлы болды.
Жалпы, ауданда өткен жылдың бедерінде 1517 адам жұмысқа орналасқан. Бірақ, әлі де болса мамандар жағы қат. Әсіресе, медицина кадрларына сұраныс бар. Сондықтан, аудан басшылары жастарды грант арқылы жоғары оқу орындарына оқытуды басты мақсат етіп отыр.
IMG_2344
Келелі кеңес үстінде аудан әкімі Ерлан Теменов үстіміздегі жылы орындалатын  міндеттердің бір парасына тоқталды. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев  аудан әкімінің жыл бойғы атқарған жұмысына жақсы деген баға беріп, алда атқаратын жұмыстардың сол деңгейден төмендемеуін қадап тапсырды.
Меңдіқара ауданы.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓