ҮЙ – ҮКІМЕТТЕН

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде пәтер жалдап жүрген жұртқа айтарлықтай жеңілдік жасалмақ. Атап айтқанда, пәтерді жалдау құнының жартысын мемлекет төлейтін болды. Informburo.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, осы тұрғыдағы қағида "Ашық НҚА" порталында жарияланған.

Порталдың  "Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидалары" бөлігінде жана механизмнің жаңа жылдан бастап баспанаға мұқтаждарға жалға алу ақысының жартысын мемлекет есебінен төлеу мақсатында әзірленгені айтылған. Тұрғын үйді жеке құрылыс компаниялары ұсынады, ал әкімдік оларға жер учаскесін бөліп, инженерлік желілер тартып береді. 

№1. Мемлекеттен кімдерге қанша төленеді?

Жалдау ақысының жартысы, яғни 50%-ы бюджеттен төленеді. Төлем мөлшері статистикалық деректерге сәйкес тиісті өңірдегі тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу құны негізінде есептеледі. Баспанаға мұқтаж, кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық базасында есепте тұрған азаматтарға беріледі.

№2. Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?

Қазақстан азаматы;

соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден төмен отбасылар (Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есепке алынбайды);

Әкімдіктің тұрғын үй кезегінде тұрғандар:

  • 1 және 2 топтағы мүгедектер;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
  • кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа", бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

№3. Қандай баспананы жалға алуға болады?

Отбасының құрамына байланысты жалға алынған тұрғын үй алаңын төлеуді жүзеге асыру үшін рұқсат етілген:

  • отбасында адам саны бірден үшке дейін болса – 40 м2 артық болмауы тиіс;
  • төрттен бес адамға дейін – 60 мдейін;
  • алты және одан көп адам болса – 80 мдейін.

Алаңы үлкен тұрғын үйді жалдауға болады, бірақ ол кезде жоғарыда көрсетілген параметрлердің тек 50%-ы ғана қаржыландырылады.

№4. Жалға алынған тұрғын үй төлемдерін алу үшін не істеу керек?

Төлемдерді алу үшін ЭЦҚ арқылы "Отбасы банкіне" өтініш беру керек. Құқықтық кадастрда тіркелген тұрғын үйді жалдау шартын тіркеу қажет.

"Отбасы банк" өтініш берушінің төлем қабілеттілігін және жалдау төлемдері есептелетін ағымдағы арнайы шоттың болуын құжаттар ұсынылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде тексереді. Шот болмаса оны "Отбасы банк" өзі ашады.

Өтініш беруші қағидалардың талаптарына сәйкес келсе "Отбасы банк" төлемдерді тағайындайды және оны жалға берушінің жалдау шартында көрсетілген шотына аударады. Бұл ретте өтініш берушінің шотында жалдау ақысының 50%-ы, ал тұрғын үй аумағы көрсетілген параметрлерден асып кеткен жағдайда өз қаржысы есебінен төлейтін қажетті сома болуы керек.

Төлемдер жалдау шартының қолданылу мерзімі ішінде ай сайын қолма-қол беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан жалға алушыларға төлем берілмейді.

№5. Жалға алушы қандай шығындарды өзі төлейді?

  • коммуналдық төлемдер;
  • ағымдағы жөндеу жұмыстары;
  • тұрғынжайдың, ортақ пайдаланылатын жерлердің, тұрғын үйдің және олардың жабдықтарының зақымдануына байланысты шығындар

№6. Жақын туыстардың үйін жалдауға бола ма?

Жоқ, жақын туыстардан тұрғын үйді жалға алуға жол берілмейді. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекске сәйкес, жақын туыстар деп ата-аналар, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері айқындалған.

№7. Қандай жағдайда төлем тоқтатылады?

  • алушы тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін жоғалтса;
  • төлемдерді алудан бас тартса;
  • жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған, тұрып жатқан тұрғын үйден шығарылса;
  • жалға алушы мен оның отбасы мүшелері басқа жерге қоныс аударған жағдайда;
  • кезекте тұрғын адам шартта көрсетілген мекенжай бойынша тұрмаса;
  • жалға берілетін тұрғын үйді қосымша жалға берсе;
  • нақты емес және жалған мәліметтер берсе төлем тоқтатылады.
  • Қайтыс болған жағдайда, төлем онымен бірге есепте тұрған отбасы мүшелеріне ауысады.

Әкімдік жылына кемінде бір рет жалға алушылардың тұрғын үйді мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓