ЖЕТІСТІГІ АЙҚЫН, ЖОСПАРЫ АУҚЫМДЫ

Алтынсарин ауданының әкімі есеп берді
Алтынсарин ауданында өткен жылды қорытындылау мақсатында аудан әкімі Ерлан Жаманов халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Алқалы жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайы сөз болды. Аудан басшысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып, олардың шешімі жоспарлы түрде орындалатынын жеткізді. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамудың қорытындылары тыңдалып, алдағы жылға құрылған жоспарлар талқыға салынды. Есеп беруге облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Ещанов қатысты.
IMG_2162
Көптен күткен шешім
Елбасының 2018 жылғы қазан айындағы Жолдауы маңызды әлеуметтік мәселелерге арналды. Онда елдің экономикалық және саяси тұрғыдан дамуы,  халықтың өмір сүру сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етуге тоқталып, оған жетудің нақты міндеттерін белгілеп берді. Білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру, мем­лекеттік қызмет көрсетулердің жақ­саруы – міне, адам капиталын ин­вес­тициялауға жасалған осы шара­лар­дың бәрі тұрғындардың өмір са­пасының артуына кепіл болары анық. Жалпы  Алтынсарин ауданында 2018 жылдың 1 қарашасына сәйкес,  13907  адам тұрады. Ауданда 25  ауылдық елді мекен, оның  ішінде 9  ауылдық округ және 2  ауыл  бар.   Әкімшілік  және  мәдениет орталығы – Обаған  ауылы.
Аудан әкімі Ерлан Жамановтың айтуынша, ауданда үш мәселені екшеп көрсетуге болады. Олар: ауыз су, жол және газ жеткізу. Дегенмен, аталған проблемалар Алтынсарин ауданы ғана емес, облыстың бірнеше елді мекенінде бар.
– Біздің ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы. Қордаланған мәселелер шешімін тауып келеді. Мәселен, Силантьевка ауылындағы орталық стадионды жөндеу бойынша жобалық сметалық құжаттама әзірленді. 2016-2020 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсетуде, ақпараттық технологияларды қолдану кезінде олқылықтар жіберілген жоқ, – дейді аудан басшысы.
Ерлан Жаманов актив отырысында Сайлаубек Ерғазыұлынан орталық аудандық ауруханадан флюорография ғимаратына жылы өткізу құрылысына қаражат бөлу туралы ұсынысты қолдауды сұрады. Өз кезегінде мәслихат хатшысы бұл мәселенің ретке келетінін жеткізді. Аудан тұрғындарымен кездесуге келген Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі В.Дудник айтқандай, бұл нысан 2019-2021 жылдарға арналған Қостанай облысының басым жобаларының тізбесіне енгізуге ұсынылды.
IMG_2174
 
Тұрғындар шағымы қаралды ма?
 
Өткен 2018 жылы мемлекеттік органдармен барлығы 20 806 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 26,6%-ы тікелей жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен іске асты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ) филиалы арқылы – 1403, электрондық үкімет порталы арқылы 13 859 қызмет орындалды.
Бақылау іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен жылы 42 мемлекеттік мекеме және ведомстволық бағынысты ұйымдар тексерілді. Алтынсарин ауданы әкімдігінің ресми сайтында аудан тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсету бойынша ақпарат үнемі жарияланып тұрады. Есепті кезеңде белгіленген мерзімдерді бұзған мемлекеттік қызметтер тіркелген жоқ, көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына тұлғалардың шағымдары түскен жоқ. 2018 жылдың 12 айында 817 өтініш түсті, оның ішінде жеке тұлғалардан – 578, азаматтарды жеке қабылдаудан – 47, заңды тұлғалардан – 185 және 7 шағым. Олардың бәрі дер кезінде қаралып, талқыға салынды. Шағымдардың дені жол мәселесіне қатысты. Жиын барысында Димитровский ауылдық мәслихатының депутаты Константин Елкин Танабаев ауылы мен Зуев ауылдарындағы жолдар туралы сауал қойды. Ерлан Жаманов бұл сұрақ алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.
Большая Чураковка ауылының тұрғыны Ләззат Уәлиева газ мәселесін көтерді.
– Біз дәл сіз тұратын ауылға газ жүргізу үшін 7,5 млн теңге бөліп отырмыз. Бұл сома бюджетте қаралды. Ендігі мәселе жобаны орындайтын мердігерлерді табу ғана қалды. Мемлекеттік конкурс жарияланды. Егер барлық жұмыстар дұрыс іске асса, 2020-2021 жылдарға қарай  Большая Чураковкаға газ жетеді, – деп түсіндірді аудан әкімі.
 Былтыр «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына аудан тұрғындарының атынан барлығы 19 өтініш түсіп, олар оң шешімін тапқан. Ауданда өткен жылы заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдерінің бұзылуы анықталған жоқ.
IMG_2198
 
Ауыл шаруашылығы
2018 жылдың қорытындысы бойынша Алтынсарин ауданының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 17 млрд теңгеге шақталды. Нақты көлем индексі – 93,0 %. Бұл көрсеткіштің төмендеуі аудан әкімі «Олжа Беляевка» ЖШС егіс алқаптарын азаюымен түсіндірді. Ірі қара мал басы – 17373, жылқы саны – 4841. Барлығы 200000-нан астам құс өсіріледі. Барлығы 3 мың тонна ет, 13 мың тонна сүт өндірілді.
«Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Әбенов Ж» шаруа қожалығы 8 бас ІҚМ сатып алды. «Терра» бордақылау алаңына 542 бас ірі қара мал тапсырылды. «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы бойынша бір ұңғыма қазылды.
– Жалпы егіс науқанының қорытындысы бойынша егіс алқаптарының құрылымы 205,1 мың гектарды құрады. Оның ішінде бидай – 142 мың 112 гектар, арпа – 12 мың 594 гектар, сұлы 3 мың 980 гектарда егілді. Майлы дақылдардың үлесі – 35 мың 300 гектар, жемшөп дақылдары – 3 мың 272 гектар. Егіс алқабы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен қол қойылған меморандумдарға сәйкес жүргізілді. Азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша бағаларды тұрақтандыру үшін ағымдағы жылдың басынан ауданда 7 жәрмеңке өткізіліп, 10 млн. теңгеге 7 мың тоннадан астам өнім сатылды, – деді Ерлан Жаманов.
Тамақ өнімдерін өндірумен ауданның 12 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Өткен жылы 2 миллиард 386 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл облыс өндірісінің 0,3%-на тең.
2018 жылы инвестициялық жобалар аудан экономикасына 1 миллиард 842 миллион теңге пайда  түсірді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 437 миллион теңгеге көп.
IMG_2094
 
Жұмыспен қамту және бюджет
 
Халықтың жұмыспен қамтылуы бойынша кешенді жоспарды іске асыру мақсатында 548 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Пайызға шаққанда –114,4. Жоспар бойынша 315 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақтысы – 235.
– Қазіргі уақытта аз қамтылған 50 отбасы есепте тұр. 223 адам 9 млн 451 мың теңгеге жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке ие болды. Кедейлік деңгейі – 1,6%. Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен 6 млн 862 мың теңгеге 159 мұқтаж азамат әлеуметтік көмек алды. Осы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын» іске асыруды жалғастыра береміз, – дейді Ерлан Айтқұлұлы. – Әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялауға жылдық жоспарда 18 адам тіркелді. 55 қатысушы жұмысқа орналастырылды, оларға бөлінген қаражат сомасы 6 млн 109 мың теңге.
Шағын несиелеуге 21 адамға 80 млн теңге қаржы бөлінді. 2019 жылдың 1 қаңтарында 26 адамға шағын несие берілді. Ал былтыр «Бастау-бизнес» оқыту жоспары 55 алтынсариндықты қабылдады. Аймақтық қоныс аудару квотасына 10 отбасы енгізілді. Қоныс аударушыларды көшіруге 633 мың теңге бөлінді.
Тұрақты негізде азаматтарды жұмысқа орналастыру және шағын несие беру мәселелері бойынша қабылдау жүргізіліп, бос жұмыс орындар жәрмеңкелері, халықпен кездесулер ұйымдастырылады.
 
IMG_2111
 
Денсаулық сақтау
Өткен жылы нәресте және ана өлімі тіркелмеген. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 75,2%-ға тең. Барлық денсаулық сақтау объектілерінде өрт дабылы орнатылған. Ауруханада 22 бейнебақылау камерасы орнатылды. Щербаков дәрігерлік амбулаториясына 5 млн 28 мың теңгеге жедел жәрдем машинасы сатып алынды. Аудандық орталық ауруханасының өз қаражаты есебінен Красный кардон фельдшерлік акушерлік пунктына  газ қазандығы қойылды, құрылыстың жалпы соммасы 1 млн 300 мың теңге.
IMG_2099
2019 жылдың жоспары
 
Есеп беру жиынынын қорытындылаған Ерлан Жаманов 2019 жылға арналған жоспарларымен таныстырды. Әуелі, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдері өндірісін ұлғайту аудан басшылығының міндетіне алынды.
– Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша барлық мемлекеттік бағдарлама бойынша индикаторларды іске асыру, ауданның инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қолға аламыз. Халыққа көрсетілетін қызмет саласын кеңейту, жұмыспен қамтылған халықтың санын өсіру, жеке кәсіпті дамытуға көмек көрсету жолымен кедейлік деңгейін қысқарту осы жылы атқарылатын шараларымыздың алды болмақ, – деп түйіндеді Ерлан Жаманов жиынды аяқтап.
Сонымен, 2018 жылы Алтынсарин ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жоғары. Аудан әкімі осы жылдың негізгі міндеттерді нақтылады. Ендеше аудандағы басты жаңалықтарды біз де қалт жібермей, оқырманға жеткізіп отыруға тырысамыз.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓