Селқостықтың себебі неде?
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің жетекшілігімен, газ тарату жүйесін қауіпсіз пайдалану мәселелеріне арналған жиналыс өтті. Бұл жиынға өңірдегі көгілдір отынмен қамтылған аудан-қала басшылары телекөпір арқылы қатысты. Сала мамандары атқарылған және қолға алынған жұмыстар, өзекті түйткілдер жөнінде баяндады.
Газ – дұрыс тұтына білсе ғана қауіпсіз. Бұған дәлел де аз емес. Соңғы үш жылда ел аумағында көгілдір отынды пайдалану кезінде 384 адам жапа шегіп, 147-сі көз жұмған. Биылғы жылу маусымының өзінде 32 оқыс жағдай тіркеліп, 69 тұрғын зардапқа ұшырап, 28-і қаза тауыпты. Бұған қоса, көршілес Ресейде болған ірі апат та сақтықты барынша қамсыздандыруға сабақ болуы тиіс.
Қауіпсіздік үшін көрсетілетін міндетті техникалық қызметке табиғи газбен қамтылған шалғай аудандар мұқтаж. Атап айтқанда, 37 елді мекенде газ құбырларын, түтін мұржаларын және желдеткіш арналарын тазалау жұмыстары жүйелі жүргізілмейді.
– Мұның себебі неде? Мәліметтерге сүйенсек, көпшілік абонентте әуел баста жасалған келісімшарт бар, сөйте тұра қауіпсіздік қызметтеріне қолдары жетпей отыр. Өйткені ол жақтарда мамандандырылған ұйымдар жоқ. Қолдарында аттестациялары бар техникалық мамандардың іссапарға шығуына не кедергі? Бұл селқостықтардың себебі анықталуы тиіс. Жай-жапсарын айқындап, зерттеп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру аса қажет, – деді Ғауез Торсанұлы.
Ал "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ ҚӨФ басшысы Ескендір Қайыбжановтың мәлімдеуінше, бұған бір тарап қана кінәлі емес.
– Газ тұтыну жүйесіне техникалық қызмет көрсету жөніндегі келісімшартқа отыруға көпшілік тұрғынның еріктерімен бас тартуы да мәселеге айналып отыр. Бұл, айналып келгенде, көршілес тұратын тұлғаның қауіпсіздігіне нұқсан болуы мүмкін. Алайда мұндай тұтынушыға ықпал жасау тетігі қолда жоқ. Көршілерін қауіпсіздендірудің бір ғана жолы – қарсылық танытушыны газбен қамту көзінен ажыратып тастау ғана. Бұл үшін оның пәтеріне кіру керек. Байланысқа түсуден бас тартатындықтан, бұл да күрделірек. Бұдан шығатын қорытынды – қазіргі тұтынушылар жауапкершілігі туралы заңнама талаптарын қатаңдандыратын кез келді, – дейді ол.Шынымен де, уақытылы тексеріс, желілерге талапқа сай жөндеу жүргізу, кәсіби мамандардың техникалық тыңғылықты қызметі арқылы ғана оқыс жағдайлардың алдын алуға болады. Ал аттестациялы мамандары бар "РЦКУ-Қостанай" ЖШС директоры Азамат Ұзақбаев өздеріне тиесілі жұмыстардың атқарылып жатқаны туралы баяндады.
– Біздің серіктестік облыс көлемінде газ тұтыну жүйесіне техникалық қызмет көрсету құқығын беретін арнайы аттестатқа ие. Ұжымда жоғары санатты, 10-15 жылдық еңбек өтілі бар слесарьлер, шеберлер, газ қаупі бар жұмыстарды жүргізуші жетекшілер бар, – деді А.Ұзақбаев. – Тұрмыстық газ қолдану құрылғыларына бекітілген кесте бойынша, техникалық пайдалану ережелерімен бекітілген мерзімде, жылына бір рет техникалық қызмет көрсетеміз. Бірақ, көп жағдайда, біздің қолымызды да тұрғындардың қызметімізді алудан бас тартуы байлайды.
Газ мамандары билік өкілдеріне кешенді шаралар қабылдап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынады. Жиын соңында Ғ.Нұрмұхамбетов тыңдалған баяндамаларды пысықтай келе бірнеше міндетті айқындап, хаттама дайындады. Онда айтылғандай, негізгілері мыналар: техникалық тексеріс жұмыстарына үнемі мониторингтер жасалып, жіті бақылау қойылуы керек; 10 ақпанға дейін қос тарапты келісімшарт мәселесін оңтайландыру жоспары жасалуы шарт; сондай-ақ, басым назар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына бөлінуі тиіс, осы мақсатта аудан-қала әкімдері жылдық медиажоспар құрулары қажет.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков