Қоғамдық кеңестің қорытынды жиыны
Өңірімізде үш жыл қызмет еткен облыстық Қоғамдық кеңес жұмысын тоқтатты. Алдағы 5 ақпанға дейін оның жаңа құрамы қайтадан жасақталатын болады. Бүгін аймақтық әкімдікте кеңестің 2016 жылдан бергі атқарған қызметінің қорытынды отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов, облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқарма-департаменттер басшылары, ҮЕҰ жетекшілері мен тілшілер қауымы қатысты.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес әрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында 2016 жылдың басында елімізде республикалық және жергілікті деңгейдегі 229 қоғамдық кеңес құрылған болатын. Біздің өңіріміздегі 17 мүшесі бар ұйымға Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов басқарған өңірдің белді-беделді азаматтары мүше болды. Кеңес азаматтық қоғам мүддесіне сай, қоғам белсенділерінің пікірін негізге ала отырып, республикалық әрі жергілікті маңызы бар түйткілдерді көтерді, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғам арасында дәнекер бола алды, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қоғамдық бақылау жүргізіп, қызметінің ашықтығын қамтамасыз етті.
– Кеңес жұмысын бастағалы бері 18 қоғамдық тыңдау өткізді. 30 отырыстың барлығында 177 мәселе қаралды. Мұның сыртында президиумның 27 отырысы ұйымдастырылды. Оның ішінде облыс әкімінің есебі, Жер кодексі, білім жүйесін реформалау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, өңір аумағының даму бағдарламасы, облыстың үш жылға арналған бюджеттік жоспары, Ел Конституциясына өзгерістер енгізу, көші-қон заңнамасы, ҚМПИ (қазіргі ҚМПУ – Қ.Қ.) ректорының есебі, тауарлық газ нормаларын бекіту, өңірдің автокөлік жолдары, спорт түрлерін қаржыландыру қатарлы ауқымды жұмыстар мен іргелі мәселелер қаралды, – деді облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы В.Вишниченко.
Қыдырбек Қиысханұлы