Қант неге қат?
Қостанай қаласында қанттың жетіспеушілігіне байланысты қала әкімінің баспасөз қызметі мәлімет берді.
Ведомство мәліметінше, Қостанай облысы әкімдігінің бөлшек саудадағы құмшекердің шекті бағасын бекіту туралы қаулысы күшіне енген сәттен бастап, облыс орталығының супермаркеттеріне тұрақтандыру қорынан 60 тонна өнім таратылған.
«Қант біздің өңірде өндірілмейді. Негізінен, Ресей Федерациясынан импортталады, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен әкелінеді. Бүгінде қант сақтайтын қоймаларда 670 тоннадан астам қор бар. Күнделікті өткізілетін рейдтік іс-шаралар нәтижесінде өнімді өткізу күні бойы үздіксіз жүріп жатқаны айқындалып отыр. Мысалы, 17 ақпанда өнімдер "SMALL"," Тамаша" және "Астықжан" супермаркеттерінде жеткілікті көлемде болды. Кейбір сауда сөрелерінде тауарлардың жоқтығын жекелеген сауда желілері әкімшілігінің өнімді сатып алу рәсімдерін уақтылы ұйымдастырмауымен түсіндіруге болады», – делінген хабарламасында.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, сауда нысандарының иелері дүкен сөрелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары болмаса да әлеуметтік жауапкершілікке тартылады.