“Zhas Project” – үлкен мүмкіндік
Облыстық филармонияда “Zhas Project” жобасы бойынша жастардың аймақтық форумы өтті. Шара аясында ұйымдастырылған көрмеде өңірдің жас тұрғындары кондитерлік және нан-тоқаш өнімдері, шағын жылыжайларда өсірілген көкөністер, мүгедек балаларға арналған арнайы киімдер мен велотренажерлар, шағын роботтар, оттегі коктейльдері сияқты көптеген әлеуметтік жобаларын таныстырды. Форумға Қостанай облысы әкімінің орынбасары М.Жүндібаев, “Атамекен” ҰКП, “Даму” ҚҚ, ҚазАгро өкілдері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, қалалар мен аудандардан келген жоба қатысушылары мен тәлімгерлер қатысты.
Өткен жылы Үйлестіру агенттігі Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен “Zhas project” жастар корпусын дамыту жобасын іске қосқан болатын. Бұл осал топтағы жастарға арналған бағдарлама. Яғни, бұған қолында дипломы жоқ, жұмыссыз жүрген 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ал қатысу үшін үш немесе бес адамнан тұратын команда жинауы керек. Әлеуметтік жобаның тиімділігі, бөлінген грант бизнес бастаушыға қайтарымсыз беріледі. Бірақ, әлеуметтік жоба грантын жеңіп алған жас жарты жыл халыққа тегін қызмет көрсетеді. Әрі ол үшін қатысушыларға алты ай бойы шәкіртақы төленеді. Оның көлемі – орта және арнаулы білімділерге 40 мың теңге, ал жоғары білімділерге 60 мың теңге.
“Zhas project” жобасының аймақтық үйлестірушісі Ерлан Төлетаевтың айтуынша, Қостанай облысында 11 бағыт бойынша 137 жоба іске асырылып, оған өз бастамаларын іске асыруға 1 000 000 теңгеге дейін грант алған 454 жас адам қатысты. Олардың жалпы құны 230 млн теңгеден асты.
-Аталмыш жоба осыдан алты ай бұрын бастау алған болатын. Біздің облыс бойынша жүз қырыққа жуық жоба іске асырылды. Бүгінгі шараға олардың тек жартысы ғана қатысып отыр. Форумның мақсаты іске асырылып жатқан жобалар туралы Қостанай облысының тұрғындарын ақпараттандыру, облыстың бизнес ортасына қатысушыларды тарту болып табылады. Биыл Жастар жылы. Сондықтан, өз кәсібін бастап, елге пайдамды тигіземін деген жастардан күтер үмітіміз мол, – дейді Е.Төлетаев.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев та Жастар жылында жастарға мол сенім артылатындығын, жоба аясында қолға алынған тың идеяларға қашанда қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
-Бүгін біз “Zhas project” жастар корпусының дамыту жобаларының бір жылғы жұмысын қортындылап отырмыз. Мен осы жобаның қатысушыларын және олардың идеяларын қолдаушыларды көргеніме өте қуаныштымын. “Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз”. Елбасымыздың Жастар жылының ашылу салтанатында айтқан осы сөзі сіздерге үлкен міндет жүктейді. Сондықтан, еліміздің беделін өсіріп, зор табыстарға жетуге тілектеспін, – деді М.Жүндібаев.
Иә, форум аясында көрмеге қойылған жобалардың бәрі қызықты. Бірақ басты мәселе – олардың болашағы қандай? Әңгіме барысында біз көптеген жастардың өзіне деген сенімділігін аңғардық. Бәрі де осы жобаларын әріқарай жалғастырып, кәсіптерін жалғастыруды көздейді.
“Zhas project” жобасы аясында грант ұтып алғандардың бірі – Бақыт Баймағамбетова. Қамыстылық бойжеткен 3 адамнан тұратын команда жинап, өз ауылы Жайылмада кішігірім тігін цехын ашыпты. Бөлінген 1 млн теңге қаржыға тігін машиналарын, мата мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алған.
-Елбасының жастарды қолдау бағдарламасы арқасында өз кәсібімді бастауға мүмкіндік алдым. Жобаға қатысып, 1 млн теңге грант ұтып алдым. Киіз үйге қажетті тұрмыстық жабдықтар, қоржын, көрпе-жастық, көп балалы отбасылардың балаларына ұлттық киімдер де тіктік. Алты айдың ішінде 250 адамға тегін қызмет көрсеттік. Ендігі мақсатымыз, жоба аяқталған соң, ақылы қызметке көшіп, кәсібімізді әріқарай жалғастыру. Себебі, сұраныс бар, – дейді Жайылма ауылының тұрғыны Бақыт Баймағамбетова.
“Zhas project” жобасының қатысушысы Абай Дүйсеков “Молочный берега” идеясының авторы. Ол да осы жоба арқылы 1 млн теңге грант ұтып алып, оған асылтұқымды сегіз ешкі, оған қажетті жем-шөп сатып алыпты.
-Біз де жоба бойынша 3 ақпанға дейін жұмыс істейміз. Содан кейін коммерциялық негізге көшеміз. Бүгінде тобымызда үш адам жұмыс істеп жатырмыз. Ешкі сауатын апайымыз да бар. Ешкінің сүтін міндетті түрде термоөңдеуден өткіземіз, тек сүтін ғана емес, ірімшік, құрт істеп те сатамыз. Мұның бәрін біз алты ай бойы көп балалы отбасыларға, “Жанұя” балалар үйіне, “Амалия” сауықтыру орталығына тараттық. Жалпы, алты ай ішінде 83 баланы қамтыдық, – дейді Абай Дүйсеков.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ