Дамир – делегат
Астана қаласында елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының ашылу салтанатына қостанайлық өрт сөндіруші Дамир Байжарасов қатысып келді.
24 жастағы өрт сөндірушінің атышулы суреті бүкіл Қазнетке танымал болды. Оның қызмет барысында түсірілген суреті миллионға жуық қаралым жинаған. Желі тұтынушыларының көзайымына айналған Дамир елбасының қатысуымен өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатына қатысу құрметіне ие болып, күні кеше қостанайлық делегациямен бірге елордадан оралды. Қостанай облысының әкімдігі көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін жас өрт сөндіруші-құтқарушының кандидатурасын ұсынған еді. Осылайша, облысы атынан қатысқан 9 жастың біріне айналды.
«Елімізде қазақстандық жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған бірқатар іс-шараны іске асыру басталды. Бұл жай ғана игі ниеттер мен ұзақ мерзімді мақсаттар декларациясы емес. Бұл – мемлекет басшысы жүктеген нақты тапсырмалар. Яғни, Елбасы бізге үлкен үміт артуда. Біз Қостанай облысының өртке қарсы гарнизоны атынан әрқашан қолдауға дайынбыз деп айтқым келеді. Ұлт Көшбасшысының сол салтанатта айтқан идеяларын алға жылжыту және барлық бастамаларды жалғастыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», – дейді Дамир Ерланұлы.
Естеріңізде болса, 14 желтоқсан күні Чехов көшесінде 5 қабатты тұрғын үй өртеніп, тысқа шыға алмай қалған тұрғындарды құтқару операциясында Дамир өз командасымен жанкешті әрекет жасап, бірнеше өмірді құтқарып қалған еді. Нақты айтқанда, тілсіз жау тұтқынынан 9 адам ессіз күйде тысқа шығарылған болатын. Оның ішінде 7 адам тірі қалып, өкінішке қарай, екі адам қаза болды. Сол өртте барлығы 27 адам құтқарылған.
«Басты жетістік, біз жаңа ұрпақ – сіздерді өсірдік. Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны Қазақстанның ең үлкен жетістігі және Мемлекет басшысы ретіндегі менің еңбегімнің ең үлкен нәтижесі деп білемін», – деп, Н.Назарбаев осы Дамир секілді жүрегінде жалын бар, қайсар, кәсібіне адал жастарды меңзеп айтқаны сөзсіз.
«Қостанай облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ» ММ баспасөз қызметі