“Армандастар” байқауы өтті
Қостанайда «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы шеңберінде балалардың көркемөнер шығармашылығын дамыту, өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру мақсатында, көркемөнерпаздар театры және хореографиялық ұжымдар арасындағы «Армандастар» облыстық балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Фестивальге облыстың үздік шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ, аудандық, қалалық байқаудан жүлделі оралған 15 хореографиялық ұжым және 13 театр ұжымы қатысты.
«Облыстың 28 ұйымдарынан (қосымша білім беретін, жалпы білім беретін мектептердің, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған ұйымдардың) 200-ден астам жас бишісі мен әртісі қазылар алқасына түрлі стильде және жанрда екі би композицияларын ұсынды. Сонымен қатар, театр ұжымдарының арасындағы байқау қатысушылары: «Драмалық спектакль» және «Әдеби-музыкалық композиция» номинациясы бойынша өнер көрсетті. Фестиваль 2 айналым бойынша өтті: бірінші айналымда қазылар алқасы 10-14 жас аралығындағы орта топ ұжымдарының өнерлеріне баға берсе, екінші айналымда 14-17 жас аралығындағы ересек топ ұжымдарының шеберлігі мен орындаушылық дарынын бағалады», – дейді байқауды ұйымдастырушы Салтанат Нұрманова.
Сонымен, орта топ ұжымдары арасында 3-орынды Аманкелді ауданының Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушыларынан құралған «Мереке» би ұжымы иеленді. Ал, 2-орынды Рудный қаласының №18 орта мектебінің «Жемчужина» ұлттық би ұжымы жеңіп алды. 1-орын мемлекеттік тілде білім беретін Заречный орта мектебінің «Салтанат» ұлттық би ұжымына берілді.
Бұдан басқа, ересектер топ ұжымдары арасында 3-дәрежелі сыйлық «Нұр-Ай» би ұжымына, екінші орын «Тарлан» №23 хореографиялық ұжымына бұйырды. Ал, бұл аталымда Рудный қаласының балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту сарайының «Фиеста» ұжымы жеңімпаз болып табылды;
Фестивальдің бас жүлдесі Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің «Еркеназ» би ұжымына берілді. Би ұжымы Ақтөбе қаласында өтетін «Ақ шағала» атты республикалық хореографиялық фестиваль-конкурсына қатысуға жолдама алды.
Театр ұжымдарының арасында Рудный қалалық №7 мектеп-гимназия жанынан құрылған «Шабыт» театр үйірмесі бас жүлдені иеленді. Енді жас әртістер Атырау қаласында өтетін «Театрдың ғажайып әлемі» атты республикалық фестиваль-байқауында Қостанай облысын атынан өнер көрсетеді.
Атап өтер болсақ, фестивальдің барлық жеңімпаздары Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының мақтау қағаздарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, білім басқармасының мадақтамаларымен фестиваль номинанттары, жүлдегерлерді және барлық би ұжымдарын дайындаған педагогтер, фестивальге белсене атсалысқан қатысушылар марапатталды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ