Ұлт өнеріне қанат қақтырар бастама
Жуырда Қызылорда қаласында белгілі қобызшы Раушан Оразбаевамен кездесуімізде, баба өнердің бүгінгі дәріптелу жайынан біраз әңгімелеп берді. Қазір өнер қайраткерінің есімі елімізде ғана емес, Батыс мемлекеттеріне де кең тарап келеді. Байырғы аспабымыздың үніне АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Австрия қатарлы озық жұрт неге құмар болды екен соншама? «Олар сиқырлы сарынның адам жанын сергітетін, толқытатын, тіпті, емдейтін құдіреті барын айтты. Яғни, музыка әлемінде тіл жоқ деген тәмсіл бекер айтылмаса керек» деді күйші. Шетелдіктер қазақ өнерпазына концерттер беруін сұрайды екен. Тіпті, Германияда Қорқыттан қалған жәдігерді сатып алып, Раушан күйшіден шығармалар үйренгісі келген немістер арнайы киіз үй тігіп қойып, соның ішіне айнала отырып сабақ алғанын естігенде, таң қалыстық.
Әйтпесе, кешегі Париждегі Әміре мен Мәскеу төріндегі Манарбектің дауысына, қолындағы екі ішекті жұмыр мойын, дөң шанақ қара тақтайдың құдіретіне де бас имеп пе еді. Ал домбыра үнін жаңаша сарында кең таратып жүрген «Ұлытау» тобы АҚШ сахнасын бағындырып жүр. Олар, тіпті, әлемнің сексеннен астам елінен келген өнерпаздарды басып озып, Гран-при мен Алтын медаль иеленгені барша қазақты қуантқаны бар. Елбасының биылғы Жарлығымен «Ұлттық домбыра күні» аталып өтетін болды. Жаздың шілдесінде бүкіл Қазақстан болып мерекелеткен алғашқы домбыра күніне әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымыз да үн қосты. Бұл да қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау әрі қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында қолға алынған игі шара екені анық.
Көне заманнан келе жатқан байырғы баба аспаптарымызға, олардың шанағынан төгілген күй-сарындарға деген құрметіміз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін одан бетер артқаны рас. «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» тарауындағы қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажеттігі зерттеушілер мен өнер иелері үшін зор жауапкершілік болғалы тұр. Жоғарыда айтылған қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнайдан бөлек, жетіген, дабыл, даңғыра, адырна, шаңқобыз, ұран, кепшік аспаптарының өшкені жанатын сәт туды.
Бұған дейін де қазақтың жүз әні-жүз күйі, мың әні-мың күйі таңдамалы топтамалары көпшілікке кеңінен тараған болатын. Ендігі жерде мемлекет тарапынан орасан қолдауға ие болғалы тұрған төл өнерімізге, рухани қазынамызға бар ынтамен атсалыспасақ, бізге сын, ағайын. Тегінде тарихын түгендеп, байырғы мәдениетін жалпыұлттық деңгейде көтеріп жүрген елдер некен-саяқ екені есімізден шықпаған жөн.